BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

«Астана арландары» Қытайдағы финалда «Куба қабыландарын» жеңе ала ма? Сараптама

Көптен күткен Дүниежүзілік бокс сериясының финалы да таяп қалды. Алдағы 26 және 28 қыркүйек күндері Қытайдың екі бірдей қаласында финал өтеді. Шешуші бәсекеде «Куба қабыландары» мен «Астана арландары» кездеседі, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Әзірге есеп – 2:0

Соңғы жылдары Куба мен Қазақстан командасының финалда жолы түйісіп жүр. Ең алғаш 2015 жылы Астанада жолықты. Ол кезде 6:4 есебімен Марат Жәкиев жаттықтырған команда жеңіске жетті. Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде «арландар» сапында Теміртас Жүсіпов, Самат Бәшенов, Мейірім Нұрсұлтанов, Олжас Сәттібаев, Асланбек Шымбергенов, Иван Дычко жеңіске жетті.

Одан кейін финалға араға бір жыл салып, былтыр тағы шықты. Бұл жолы финал Астанада өтті. Қазақстан спорт кешеніндегі жекпе-жек нағыз драмаға толы болды.

Алғашында Теміртас Жүсіпов (49 келі) пен Ілияс Сүлейменов (56 келі) Қазақстан командасын алға шығарған. Сосын Антон Пинчик (91 келі) қарсыласы Эрисланди Савоннан ұтылып қалды. 64 келідегі Ділмұрат Мәжитов те Энди Крузге есе жібереді. Әбілхан Аманқұл (75 келі) Кубаның атақты боксшыларының бірі Арлен Лопестен айласын асыра алмады. 81 келідегі Арман Рысбек Олимпиада чемпионы Хулио Ла Крузге әлі келмеді. Жарыстың екінші күнінде команда капитаны Олжас Сәттібаев (52 келі) қарсыласы Йосбани Вейтиадан ойламаған жерден жеңіліп,»арландарды» қиын жағдайға қалдырады. Бұл кезде есеп – 2:5 болатын. Кубалықтар қалған 4 кездесудің біреуін ұтса болды чемпиондық жеңіп алуға әзір. Отандастарымыз осы тұста нағыз «камбэк» жасайды. Әуелі Олжас Боқаев (+91 келі) Йоандри Тойрактан басым түссе, тәжірибелі боксшы Зәкір Сафиуллин (60 келі) үш дүркін әлем чемпионы Лазаро Альваресті тас-талқан етіп ұтты. Асланбек Шымбергенов 69 келіде бұл жолы 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Рониель Сотолонгоға еш мүмкіндік берген жоқ. Қорытынды есеп – 6:5.

Әзірге «Astana arlans» екі финалда да «Cuba domadores-тен» айласын асырып кетті. Енді үшіншісі күтіп тұр.

Қытайдағы финалда кездесетіндер

Қытайдағы финал екі қалада өтеді. 26 қыркүйек Бірінші күні Сямында С1 жүйесі бойынша бес салмақтың жеңімпаздары анықталады. Одан кейін 28 қыркүйекте Цзиньцзян қаласында С2 салмақтары бойынша тағы 5 жекпе-жек өтеді. Егер жалпы есеп тең аяқталса, қосымша 64 келідегі боксшылар шаршы алаңға шықпақ.

Бірінші жарыс күнінде шығатындар:

49 келі: Теміртас Жүсіпов (Қазақстан) – Дамиан Арсе Дуарте (Куба)

Теміртас Жүсіпов бұған дейін екі финалда да жеңіске жеткен боксшы. Астанада ол Йонасис Аргилагосты 2015 және 2017 жылы да ұтқан болатын. Енді Теміртас Қытайдағы финалда Дамиан Арсе Дуартемен жолығады. Жүсіпов үшінші рет те финалға үздік шығады деп ойлаймыз.

56 келі. Ілияс Сүлейменов (Қазақстан) – Освель Кабальеро Гарсия (Куба)

Куба құрамасы бұл салмақта да жаңа боксшылардың бірін шығармақ. Ал Нұрлан Ақүрпеков бапкер тәжірибелі Ілияс Сүлейменовке сенім артып отыр. Өткен жылы финалда жолы болған боксшылардың бірі. Астаналық боксшы қарсыластарын көбі нокаутпен жеңіп жүр. 28 жастағы Сүлейменов 5 раундық жекпе-жекте өзің судағы балықтай сезінеді. Сондықтан Сүлейменов те жерге қарата қоймас деп сенеміз.

64 келі. Ділмұрат Мижитов (Қазақстан) – Энди Крус (Куба)

Энди Крус Гомес 2017 жылы Гамбургтегі әлем чемпионатында топ жарған боксшы. Екеуі бұған дейін де кездескен. Былтырғы финалда Ділмұрат Мижитов қарсыласына есе жіберген. Осы жолы Мижитов былтырға кеткен есесін қайтаруға тырысары анық. Оның үстіне жерлесіміз физикалық тұрғыда өте мығым боксшы.

75 келі. Әбілхан Аманқұл (Қазақстан) – Ослейс Иглесиас Эстрада (Куба)

Әбілхан жақында Джакартадағы Азия ойындарында Қазақстанның туын ұстап шыққан боксшы. Жамбылдық өрен Индонезияда финалға дейін жеткен. Жас боксшы қазір нағыз бабында жүр. Ал оның қарсыласы Эстраданың бойы ұзын, аяқпен жұмыс істейтін біледі. Негізінен қашықтықтан ұрыс салғанды жақсы көреді. Бірақ былтырғы Арлен Лопес секілді әлем чемпионаты немесе Олимпиада ойындарында жүлде алмаған. Сондықтан Әбілхан кубалықтан айласын асыруы тиіс.

91 келі. Нұрбол Алтаев (Қазақстан) – Эрисланди Савон (Куба)

Нұрбол Алтаевтың қарсылас атақты үш дүркін Олимпиада чемпионы Феликс Савонның жиені – Эрисланди Савон. Ол былтыр Гамбургтегі әлем чемпионатында топ жарған.. Оның алдында Рио Олимпиадасында қола жүлде алған.

Савон Дүниежүзілік бокс сериясының финалында қазақстандықтарды жиі ренжітіп жүр. 2015 жылы Василий Левитті, 2017 жылы Антон Пинчукті қапы қалдырған. Енді үшінші финалда онымен Алтаев бокстасады.

Кубалықтың техникалық арсеналы бай, соққыны аз жібереді. Арақашықтықты ұстауды жақсы меңгерген. Бойы мен қолы да ұзын, тактикалық тұрғыда әккі боксшы.

"Эрисланди Савонмен кездесуге жас боксшы Нұрбол Алтаевты шығармақшымын. Бұл көпшілікке таныс емес. Қарсыласына да жұмбақ болары анық. Былтыр Қазақстан чемпионатында екінші орын алған. Қазіргі кезде ұлттық құраманың үшінші нөмірлі боксшысы. Савон 2017 жылы Пинчукті жеңіп кетті. Осы жолы Антонды мазалаған жоқпын. Өйткені, екеуі бір-бірін жақсы біледі. Техникалық тұрғыдан Антон қарсыласынан әлсіздеу болуы мүмкін. Ал Нұрбол – көбісіне ыңғайсыз боксшы. Жекпе-жек барысында қарсыласы күтпеген шешімдер қабылдай алады. Сондықтан Алтаевқа сенім артып отырмын. Шәкіртім жеңіске жетеді деп үміттенемін", – дейді «Астана арландары» командасының бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков.

Екінші жарыс күнінде рингке шығатындар:

52 келі. Сәкен Бибосынов(Қазақстан) – Хорхе Гриньян (Куба)

Бұған дейінгі екі финалда Куба командасынан Йосбани Вейтиа ,ал бізден Олжас Сәттібаев жұдырықтасқан. Біреуінде Олжас, екіншісінде Вейтиа жеңіске жеткен. Осы жолы екі команда сапында да жаңа боксшылар жұдырықтаспақ. «Арландардың» намысын 52 келіде Сәкен Бибосынов қорғайды. Ол финалдағы қарсыласы Хорке Гриньянмен бұған дейін жастар арасындағы әлем чемпионатында кездесіп, жеңгені бар.

60 келі: Зәкір Сафиуллин (Қазақстан) – Ласаро Альварес (Куба)

Қазақстандық ардагер боксшы Зәкір Сафиуллин мен кубалық Ласаро Альварес осымен өзара үшінші финалда кездескелі тұр. Бұған дейінгі есеп – 1:1. 2015 жылы Альварестің, былтыр Сафиуллинның бағы жанған. Кубалық боксшы үш дүркін әлем чемпионы. Олимпиада ойындарында жүлде алған. Зәкір осы жылы «арландар» сапында әзірге рингке шыққан жоқ. Бапкерлердің айтуынша, спортшының дайындығы жоғары деңгейде.

69 келі. Асланбек Шымбергенов (Қазақстан) – Роньель Иглесиас (Куба)

Сафиуллин мен Альварес секілді 69 келідегі Асланбек Шымбергенов пен Роньель Иглесиас Сотолонго да бұған дейін өзара екі жолдары түйіскен. Екеуінде жерлесіміз жеңіске жеткен. Жалпы, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Сотолонго қазақ боксшыларын ешқашан ұтпаған. Шымбергеновтен бөлек, Мадияр Әшкеевтен де жеңілгені бар.

Қазақстандық жанкүйерлер сол серияның әріқарай жалғасқанын қалайды. Оның үстіне 69 келі біз үшін ерекше ыстық салмақ.

81 келі. Бек Нұрмағамбет(Қазақстан) – Хулио Ла Крус (Куба)

Осы салмақта «Cuba domadores» командасындағы боксшы ауыспайды. Рио Олимпиадасының жеңімпазы, төрт дүркін әлем чемпионы Хулио Ла Крус бұған дейінгі екі финалда да қазақ боксшыларын ұтқан. Жалпы, Ла Крус жерлестерімізді жиі ренжітеді. Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатында бірнеше рет Әділбек Ниязымбетовті алтынсыз қалдырған. WSB жобасының финалында 2015 жылы Нұрдәулет Жармановтан, 2017 жылы Арман Рысбектен басым түскен. Осы жолы 29 жастағы кубалықпен одан 9 жасқа кіші Бек Нұрмағамбет шығады. Марқұм Бекзат Саттархановтың жерлесі, жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Егер Бек Ла Крустың осал тұсын тапса, кішірігім сенсация болары анық.

+91 келі. Қамшыбек Қоңқабаев (Қазақстан) – Хосе Лардуэт (Куба).

Осы ауыр салмақтағы екі финалда біздің пайдамызға шешілген. 2015 жылы Иван Дычко, 2017 жылы Олжас Боқаев жанкүйерлердің сенімін ақтаған. Енді, биыл Нұрлан Ақүрпеков бапкер Қамшыбек Қоңқабаевты тізімге қосты. Гамбургтегі әлем чемпионатының күміс жүлдегері биыл ешқандай ірі халықаралық бәсекелеске қатысқан жоқ. Әлем мен Азия чемпионаты келесі жылы өтеді. Ал Азия ойындарында ауыр салмақ болмады. Сондықтан Қамшыбек үшін WSB жобасының финалы ерекше мотивация болары сөзсіз. Қарсыласы – Хосе Лардуэт Гомес.

Куба боксы алынбайтын қамал емес

«Астана арландарының» бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков шәкірттеріне сенеді. Елорда төрінде оқу-жаттығу жиынын өткізген отандастарымыз енді Қытайда барын салады деп отыр.

"Куба боксы алынбайтын қамал емес. Мұны қазақстандық боксшылар дәлелдеп келеді. Бұл жолы да жігіттер барын салады. Қарсыластарымыздың бокста кемшілігі жоқ дерсің. Шаршыалаңда тыным таппайды, шеттерінен ширақ. Сондықтан біз олардың такти-касын бұзуға тырысамыз. Соққыны үдету керек. Бұл менің ғана емес, өзім ақылдасқан барлық бапкерлердің ортақ пікірі.Шәкірттерімнің құлағына да осыны құйып жатырмын. Кубалықтың емес, өзінің стилімен бокстасқан былғары қолғап шебері әдетте жеңеді. Олар соңғы дайындықтарын Ресейде жергілікті боксшылармен өткізді. Соларды ғаламтор арқылы тамашалап, қарсыластарымызды қалай жеңу керектігі жайлы жоспар құрдық», – дейді Н.Ақүрпеков.

Бірақ «Cuba Domadores» клубын айқын басымдықпен ұту оңай болмайтындығын «Астана арландары» клубының директоры Бақтияр Артаев та мойындап отыр:

"Рас, дәл қазір мүмкіндіктер 50/50 деп айта аламын. Қарсыласты бағаламауға болмас. Олардың сапында өте талантты боксшылар бар. Дегенмен өз басым біздің жігіттерге сенемін. Олардың даярлығы көңілден шығады. Толықтай дәрігерлер тексерісінен өтті. Баптары да,көңіл-күйлері де жақсы", – дейді клуб директоры.

Төрешілердің әділдігі де маңызды

Бақтияр Ғарифоллаұлы тиісті дайындықтан бөлек командамызға көмектесуі мүмкін тағы бір факторды атады. Бастапқыда финалдың Қазақстан не Куба жерінің қайсысында өтетіндігі біраз талқыға салынған. Сол кезде Қытай шешуші сынды өздерінде қабылдау туралы ұсыныс жасаған соң халықаралық ұйым тарапынан келісім берілген. Сондықтан клуб директорының пікірі биылғы маусымның үздігі елордада анықталмаса да, кездесудің бейтарап алаңда өтуі дұрыс дегенге саяды.

"Финал Кубада өтсе,жеңіс жергілікті боксшыларға берілуі әбден мүмкін. Ал Қытайдағы финалда төрешілер неғұрлым әділ шешім қабылдайды деген үміттеміз".

Астана президенттік кәсіби спорт клубының баспасөз қызметіне берген сұхбатында бас бапкер Нұрлан Ақүрпеков төрешілер тарапынан бұрмалаушылықтар болады деп ойламаймын деген пікір білдіріпті.

"Біріншіден, Дүниежүзілік бокс сериясының финалы бейтарап елде өтіп жатыр. Мұның өзі жекпе-жекте төрешілердің әділ болуының кепілі деп білемін. Оның үстіне, WSB жобасының рейтингі өте жоғары. Күллі әлем көз тігіп отыр. Барлық ел тікелей эфирден көре алады. Азиаданың қасында әлдеқайда биік тұрған турнир. Сондықтан, бұл жерде төрешілер тарапынан бұрмалаушылықтар болады деп ойламаймын", – дейді Нұрлан Ақүрпеков.

Төрешілерден біз де әділ шешім күтеміз. Әуесқой бокс әлеміндегі қос мықтының бәсекесін тамашалау кім-кімге де қызық болар. Себебі, шаршы алаң қожайынына бұрды деген әңгіме туындамайды.

Финал не үшін Қытайда өтеді?

Айтпақшы, бұл жекпе-жектердің неліктен Астанада өткізілмегендігіне қатысты Бақтияр Артаев былай деп жауап қатты:

"Біздің елде финал бұған дейін үш рет өтті. Өздеріңіз білесіздер, финалды ұйымдастыру құқығын иемдену үшін тарап 300 мың доллар төлеуі керек. Бұл аз қаражат емес. Біздің де бұл соманы төлеуге мүмкіндігіміз жетеді. Дегенмен биылғы ақтық сыннан бас тартуды жөнкөрдік. Ал Қытай боксты дамытуды, оған деген қызығушылықты арттыруды көздейді. Сондықтан да финалды екі қаласында өткізбек", – дейді Б. Артаев.

Не десек те алыспай беріспейтін финал болуы тиіс. Мамандар, тіпті, тең нәтиже тіркелуі мүмкін екендігін алға тартуда. Ондай жағдайда бар үміт 64 келідегі Бекдәулет Ибрагимовке артылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер