BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Arlan Grip Kids финалы рекордтық көрсеткішке жетті

Алматы, BAQ.KZ. Әр жылдың соңында Алматыда 6-17 жасар кез келген балалар мен жасөспірімдер арасында джиу-джитсудан өтетін Arlan Grip Selection Kids xалықаралық турнирінің финалына биыл 500-ден астам бала жиналды.

Кез келген қатысушы келіп, өз өнерін ABB Arena-да көрсетті. Осымен бұл айтулы жарыс биыл 4-ші рет өткізілді. Оның басты мақсаты елімізде джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау.

"Осы жылы жарыс Arlan Grip Selection аясында үшінші рет өткізілді. Жалпы бұл шара 2015 жылдың ақпан айынан басталған болатын. Жылдан жылға оның деңгейі өсіп келеді. Әсіресе, жас спортшылардың биылғы саны өте көп, ол бізді, әрине, қуантады", - дейді жарыстың бас төрешісі Олжас Досжанов.

Жергілікті джитсерлардан бөлек, бұл сайысқа еліміздің әр өңірі мен көрші Қырғызстан мемлекетінен келген жастарда қатысты. Сайыс IBJJF халықаралық федерация ережесіне сәйкес әр түрлі салмақ және жас дәрежелері бойынша ұйымдастырылды.

Бұл турнирге қатысқан қыздар мен ұлдар арасында көптеген жүлделерге ие болған оқушылар көрерменнің көзіне түсіп, керемет көңіл күй сыйлады. Мәселен, танымал жас әлем чемпионы Жібек Құлымбетова бұл жолы да бірінші орынға табан тіресе, оның командаласы бірталай жарыстың жүлдегері Ернар Қадырбек қарсыластарынан басым түсті.

"Бүгін менің жолым болып, бірінші орын иелендім. Қарсыластарым сары белбеу иегерлері болды, жеңіс оңайлықпен келмеді. Бұл менің алғашқы алтыным емес. Осындай жеңістер алда көп болады деп сенемін", - деді 44 келі салмақта жеңімпазы Ернар Қадырбек.

Барлық жарыс қатысушылары оның жоғары деңгейде өткенін мәлімдеп, көтеріңкі көңіл күйде жүргендерін жасырмады. Олар ұйымдастырушыларға осындай спорттық мереке сыйлағандарына өз алғыстарын білдірді.

"Мен алтын медаль алып, қуанып отырмын. QTT клубында екі жылдай айналысып келемін, маған бұл спорт өте ұнайды. Осымен бұл менің 10 алтын жүлдем. Болашақта чемпион болғым келеді", - дейді 7 жастағы қатысушы Айсұлтан Жұмағали.

Тартысқа толы кездесулердің нәтижесінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен дипломдар, сонымен қатар, бағалы сыйлықтар табысталды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер