USD 336.23 EUR 360.3 RUB 5.28
Астана:

Арыстанбек Мұхамедиұлы қатты уайымдап жүргенін айтты

Фото: Tengrinews.kz

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы допинг қолданды деп жүлделерінен айырылған Илья Ильин бастаған олимпиада чемпиондарының жағдайын қатты уайымдап жүргенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Осының алдында ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков допинг қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынған болатын.

Вице-министр: «Парламентте дене шынықтыруға қатысты заңға өзгеріс енгізгіміз келеді. Допинг қолданудың жазасын қылмыстық жауапкершілікпен байланыстыруды жоспарлап отырмыз. Яғни спортшыға, бапкерге, дәрігерге, осы препараттарды жеткізген адамдарға жаза қарастырылады», - деген еді.

Парламент Мәжілісінің пленарлы отырысынан кейін журналистер осы заң жобасына қатысты Мәдениет және спорт министріне сауал тастаған еді.

«Келесі жылы біз допинг қолданғандарды қылмыстық жауапкершілікке тартуға байланысты заң енгізгіміз келеді. Не үшін? Қазір кінәлі тек спортшылар болып отыр. Ал сол кезде спортты басқарған азаматтар қайда? Неліктен дәрігерлер жауапкершілікті өз мойнына алмайды?», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр спортшылар үшін қатты уайымдап жүргенін айтады.

«Мен қазір өзіміздің спортшыларды ойлап, қатты уайымдап жүрмін. Оның ішінде Илья Ильин және допинг дауына іліккен өзге де ауыр атлеттер бар», – дейді ведомство басшысы.

Айта кетейік, Халықаралық олимпиада комитеті Илья Ильинді 2008 және 2012 жылғы алтын жүлделерінен айырған болатын. Сондай-ақ, медальдан айырылғандар қатарында Светлана Подобедова, Майя Манеза, Зульфия Чиншанло, Мария Грабовецкая, Әсет Мәмбетов, Таймураз Тигиев бар.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады