USD 334.48 EUR 355.62 RUB 5.25
Астана:

Ақтөбеде тұңғыш рет гір көтеруден Әлем чемпионаты өтеді

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өңірде спортты дамыту және гір көтеруден әлем чемпионатының өткізілуіне дайындық жұмыстары бойынша жиын өтті.

Қазіргі күні облыс тұрғындарының 26,9 пайызы спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Биыл спорт саласына 5132,0 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде «Ақтөбе» футбол клубына 2 млрд теңге қаржы қарастырылған. Алайда елiмiзде, әлем бойынша өткізілген шараларда Ақтөбе облысы жақсы көрсеткiштерге жете алмай келеді. Мәселен, 2013 жылы медальдар саны 489 болса, 2015-те 441 медальдi еншiлеген.

«Ең негізгісі бұқаралық спортты дамыту маңызды. Аудан әкімдерімен бірге, федерациямен бірлесіп жұмыс жасау керек. Барлық алаңдар бар, салынып та жатыр. Соны біз дұрыс әрі тиімді пайдалануымыз қажет. Әр түрлі спорттық шараларды көбейтсек, спортқа қызығушылардың саны көбейеді. Спортпен шұғылданушы жастарымыздың қатары көп болса, тәртіпбұзушылық та азаяды. Өзге өңiрлерге кетiп қалған бапкерлер мен спортшыларды шақыруымыз қажет. Олардың барлық жағдайын жасап, солармен бірге жұмыс істеуді тапсырамын», - деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақта 2012 жылдан берi әлем чемпионаты ұйымдастырылмаған. Биыл әлемнiң 35 елiнен 450 гiр көтеру спортының майталмандары келедi деп күтiлуде. Ел намысын 54 спортшы қорғайтын болады. Олардың қатарында әлемнің 12 дүркін чемпионы Евгений Гончаров та бар.

20 тамыздан бастап чемпионаттың өткізілуі бойынша «Қоныс» спорт сарайында штаб жұмыс жасауда. Штаб құрамына облыстық федерация өкілдері мен дене шынықтыру және спорт қызметкерлері кіреді.

Облыс әкімі шараның өтетіндігі жөнінде хабарландырулардың да дұрыс жүргізілмей жатқандығын сынға алып, спорт басқармасы басшысына халық арасында ақпараттық жұмыстарын кеңінен жүргізуді тапсырды.

Айтып өтейiк, гiр көтеруден әлем чемпионаты биылғы жылғы 26-30 қазан аралығында «Қоныс» спорт сарайында өтедi.

«Ақтөбе ақпарат» орталығы

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады