USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Ақтөбеде өтетін гір көтеруден әлем чемпионатына 700 спортшы қатысады

Фото: www.inform.kz

Ақтөбеде өтетін гір көтеруден әлем чемпионатына 34 елден 700 спортшы қатысады. Әлем чемпионатын өткізу үшін облыстық бюджеттен 10 миллион теңге бөлініп, демеушілер 20 миллион теңге берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ақтөбе әлем чемпионатына дайындық жұмыстарын аяқтап қалды. «Қоныс» спорт сарайына жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 26-30 қазан күндері өтетін жарысқа қажетті керек-жарақ толық жеткізілді. Есеп бойынша, әлемнің 34 елінен 700 спортшы келеді. Ал Қазақстан құрамасына облыстан 15 спортшы еніп отыр. Арасында екі қыз бар. Қазір олар дайындықты күшейтті.

«Әлем, Еуропа, Азия деңгейіндегі жарыстар бізге жетіспейді. Гір көтеру спорты өңірде жақсы дамыған соң биыл әлемдік деңгейде салмағы басым жарыс өткізуді жөн санадық. Құрама командаға облыстан 15 спортшы енді. Әлем, Азия чемпиондарына үміт артып отырмыз. Өз елімізде, жерімізде жақсы нәтиже көрсетеді деген сенім бар. Жарысты ұйымдастыруға облыстық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді. Демеушілер 20 миллион теңге бөлді. Қаржы жарысты өз деңгейінде өткізуге жетеді»,- дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Маханов.

Жарысқа Ақтөбе қалалық спорт бөлімінің басшысы, 12 дүркін әлем чемпионы Евгений Гончаров та қатысады.

«Гір көтеруден Қазақстан құрама командасы әлемдегі үздік үштікке кіреді. Бұл жолы да басты қарсыласымыз Ресей, Украина спортшылары болмақ. Спортшылардың дайындығы жақсы. Қыздардан алты дүркін әлем чемпионы Татьяна Патемкинаға үміт артып отырмыз. Өзім де дайындықты күшейтіп, Ақтөбеде жоғары нәтижеге қол жеткіземін деген ойдамын»,- дейді ол.

Айта кетейік, Ақтөбеге Оңтүстік Африка мен Австралиядан спортшылар келе бастады. Негізінен, гір көтеруден әлем чемпионаты өңір тарихындағы ең ірі екінші спорттық шара. Алғаш рет самбодан әлем чемпионаты 1997 жылы өткен болатын.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады