BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Әкім спортшыға пәтер сыйлады

Фото: Абылай Нажман

Астана, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев 2018 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, еркін күрестің шебері Нұрислам Санаевпен кездесті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.

«Біз сенің Будапеште өткен әлем чемпионатындағы табыстарыңмен мақтанамыз. Бұл – біздің күллі еліміз үшін тарихи оқиға. Мемлекет басшысының саясаты нәтижесінде жыл сайын тұрғындарды дене тәрбиесімен және спортпен қамту ұлғаюда, спорттық жаттығу орындары қолжетімді бола түсуде. Біздің спортшыларымыздың жетістіктері қазақстандықтардың жас буынына салауатты өмір салтын таңдау үшін ерекше ынталандырушы жай болып отыр», - деп атап көрсеткен облыс басшысы спортшыға мықты денсаулық, спортта жаңа биіктерді бағындыру тілегін жеткізді.

Облыс әкімі палуанға облыстық грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы атынан Ақтөбе қаласының Батыс-2 тұрғын үй массивінен екі бөлмелі пәтердің сертификатын тапсырды.

Өз кезегінде Нұрислам Санаев жылы лебізі үшін облыс басшысына алғысын айтып, алдағы уақытта да жоғары нәтижелерге жету үшін барлық күш-жігерін жұмсайтындығына сендірді.

Нұрисламның қазан айының соңында Будапеште өткен әлем біріншілігінде еркін күрестен Қазақстан тарихында бірінші рет олимпиадалық салмақта күміс жүлдегер атанғаны белгілі. Ол 2020 жылы Токиода өтетін ХХХІІ жазғы Олимпиадалық ойындарға қатысуды көздеп отыр. Бұл үшін ол 2019 жылдың қыркүйегінде Астанада өтетін күрес түрлері бойынша әлем чемпионатында жоғары нәтижелер көрсетуі тиіс.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер