BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Айбек Нұғымаров: Төреші кімнің қолын көтерді, сол жеңді

Фото: Абзал Қалиев

Бүгін Астанада қазақ күресінен "Әлем Барысы" абсолютті әлем чемпионаты өтті. Жүлдегерлер жарыстан кейінгі баспасөз конференциясында журналистер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

- Айбек, финал қалай өтті? Қандай оймен шықтыңыз, қандай тактика қолдандыңыз?

- Финалдық белдесуде әлемді мойындатқан балуанмен кездестім. Бір жыл бұрын екеуміз күрестік. Турнирде өзім қате жіберіп, жеңіліп қалдым. Қызылордада өткен турнирде жеңдім. Бұл жолы бұйырып тұр екен, жолым болды.

- Қарсыласыңыз туралы айтып өтсеңіз.

- Шыны керек, жас бала ғой. Бір апта бұрын дзюдо чемпионатында тоғыз дүркін әлем чемпионын мойындатты. Шеберлігі өте мықты, салмағы жеңіл болған соң жылдам күреседі.

- Айбек, моңғол балуанымен өткен белдесу қалай болды?

- Жартылай финалда өзіміздің қандасымызбен күрестім. Күрес болғаннан кейін мұндай болады, ұпайдың бәрі есептелді. Жеребе бойынша ауыр топқа түсіп қалдым. Бірінші белдесуде поляк балуаны, одан кейін өзбек балуаны, Еламанмен, финалда грузин балуанымен белдестім. Бүгін негізі ауыр күрестім, бірақ дайындығым да жақсы болды. Еңбек ақталды деп ойлаймын.

Бұл сұраққа төреші Шалқар Жоламанов та жауап берді.

"Кешеден бері қазақ күресінің ережесін түсіндіріп жатырмыз. Моңғол балуанының ренжіген себебі, қамшы лақтырған кезде дұрыс болмаса, ол балуанға ескерту беріледі. Сол себепті төрт секунд қалғанда Айбектің бүктері неге көбейіп кетті деп қарсыласы ренжіді. Таблоны қолмен көрсетті. "Сіздер бірнеше рет қамшы тастаған соң солай болды" - деп ережені түсіндірдік. Содан кейін ол тоқтады. Мұнда ешкім ұтылу үшін келмейді. Сондай жағдай орын алды, артынша қателігін түсінді", - деді Шалқар Жоламанов.

- Еламанмен өткен белдесуге тоқталып өтсеңіз, қарсыласты жеңу қиынға соқты ма?

- Бұл жерде бақ шаба ма, бап шаба ма дейді. Ол мықты балуан. 2015 жылы сәтсіздік болған, өзім лақтырып астына түсіп қалдым. Салмағы менен үш келідей ауыр. Биыл Қазақстан барысында бағы жанған. Расында екі рет бүкке түскенім рас. Одан кейін әдіс жасаған кезімде айналдырып жанға түсірдім. Қашатын жер болады, алға ұмтылатын жер болады. Қаштың не, не алға жүгірдің не кімнің қолын көтерді, сол жеңеді, - деді Айбек.

Сонымен қатар грузин балуаны Гурам Тушишвили финалдық белдесу туралы пікір білдірді.

"Чемпион атанамын деп өзіме қатты сендім. Айбек Нұғымаровты жеңісімен құттықтаймын. Ол финалға сенімді болып шықты және жеңді", - деді грузин балуаны.

Қола жүлдегер Ержан Шынкеевке де бірқатар сұрақ қойылды.

- Ержан, сіздің белдесуіңізді тамашаладық. Орта жолға дейін оңай жеңіп келдіңіз. Соңына қарай жарақатыңыз болды ма, сылбыр күрестіңіз.

- Бас кезінде іріктеледі ғой. Әлсіз балуандармен, ыңғайлы балуандармен кездестім. Арғы жақтан мықты балауандар іріктеліп келеді. Төртінші белдесуде аяғымды ауыртып алдым. Қорқып күрестім.

Фото: Абзал Қалиев

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
07 Қараша 2017, 13:05
МЕНДЕГІ ӨМІР БАСҚА...
Пікірлер