USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

«Қызтекелікке тәрбиелейді» деген Қарағанды жастары «91-дің» концертін өткізбей қойды

Фото: ғаламтордан алынды

Қарағандыда «Ninety one» тобының 18 қазанда өтуі тиіс концерті тағы өтпей қалған. Бұл жайында топтың инстаграмдағы парақшасында жарияланған, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Ninety one» тобы өзінің инстаграмдағы парақшасында Қарағандыдағы концерттің өтпейтіндігін айтып, фанаттарын шыдамды болуға шақырған.

«Белгілі себептермен цирктің әкімшілігіне концертті белгісіз уақытқа шегертуге тура келді. Жақын арада міндетті түрде көрісеміз. Мұңаймаңыздар және шыдамды болыңыздар», - дейді «Ninety one» тобының мүшелері.

Осы хабарламаның астына пікір қалдырған топтың өнерін сыйлаушылар сүйікті әртістерін жігерлендіріп, оларды қанша болса да күтуге әзір екендерін жазған.

«Сіздер қандай бақыттысыздар. Қаншама адам сіздерді жақсы көреді, күтеді. Ал қалғаны маңызды емес. Бәрі уақытша. Мен де сіздерді жақсы көрем», - дейді топ фанаттарының бірі.

Десе де, атышулы «91-дің» концертін тоқтатуға Қарағанды жастарының қала әкімінің атына жазған хаты түрткі болуы мүмкін деген қауесет бар. Әлеуметтік желіде олардың жазған хаты жария болды.

Хат Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіровтің атына жазылған.

«Біз, Қарағанды қаласының және Октябрь ауданының жастары, Қарағанды циркінде өтейін деп жатқан «Ninety one» тобының концертінің өтуіне қарсылық білдіреміз. Себебі олар біздің қазақ халқының дәстүріне, салтына, дініне, намысына, менталитетіне жат нәрселерді эстрада арқылы енгізіп жатқан музыкалық топ. Олар жастарды теріс ағымға, қызтекелікке, жігіттердің намыссыз болуына, жігіттердің қыздар сияқты киініп, әлсіз болуына және сырға тағып, боянып, шаштарын түрлі-түске бояуы арқылы жастардың тәжірибесіне теріс әсерін тигізіп жатыр. Осы мәселе бойынша заң жүзінде «Ninety one» тобының Қарағандыда концертінің өтпеуіне шара қолдануыңызды сұраймыз», - деп жазылған хатта.

Әзірге, Қарағанды қаласының басшылығы аталған мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

Кеше Baq.kz ақпараттық агенттігінің Қарағандыдағы меншікті тілшісі «Ninety one» тобы жайында қарағандылық жастардың пікірін сұрап білген еді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент пен Ақтөбеде бір топ жас «Ninety one» тобының концертіне қарсылық білдіріп, нәтижесінде концерт өтпей қалған еді.

Хаттың суреті: автордікі

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады