BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 338.78 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 392.82 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.35
Астана:

Астанада Еркеғали Рахмадиевті еске алу кеші өтеді

25 қазан күні «Астана опера» театрында қазақ композиторы Еркеғали Рахмадиевтің 85 жылдығына арналған «Туған жер туралы жыр» атты концерт өтеді. Еске алу кешінде театрдың жетекші опера солистері, оркестр және камералық хор әртістері классиктің шығармашылық мұрасынан асқақ туындыларды орындайды, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Еркеғали Рахмадиев – КСРО Халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері, профессор, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ұлағатты ұстаз, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Танымал сазгер түрлі бағыттағы маңызды туындылардың басым көпшілігінің авторы. Ол ұлттық опера өнерінің дамуына елеулі үлес қосып, жаңа жанр – симфониялық күйдің негізін қалады. Осы жанрда әлемге әйгілі болған атақты «Дайрабай», «Құдаша-думан» шығармалары, «Қамар-сұлу», «Алпамыс», «Абылайхан» опералары қазақ музыка мәдениетінің мұрасына айналды.

Кеште сазгердің көпшілікке таныс «Таң самалы», «Бала ғашық», «Жетісудың қыздары-ай» туындылары, «Қамар-сұлу» операсынан дуэт, «Алпамыс» операсынан Гүлбаршын ариясы, хор композициялары шырқалады.

«Концертімізді атақты сазгер Еркеғали Рахмадиевке арнағалы отырмыз. Оның шығармашылық қуаты көптеген қазақстандық музыканттарды шабыттандыруда. Ол жылдар бойы жинаған білім-тәжірибесін әріптестері, шәкірттерімен аянбай бөлісті. Еркеғали Рахмадиұлы шығармаларды түсіндіруде жас орындаушылармен жеке-жеке жұмыс жасайтын. Маған және әріптестерім Медет Шотабаев, Азамат Жылтыркөзовке туындыны баян етуде көп ақыл-кеңес берген. Осы жолы сахна төріне шығатын өнерпаздардың басым көпшілігі «Қамар-сұлу» операсының қойылымына тікелей қатысқандар. Оның ерен еңбегінің арқасында отандық музыка өнерінің үлгілері әлемдік классика жауһарларына айналды. Оның музыкасы, сазды әуені мәңгі жадымызда, жүрегімізде шырқалатын болады», - деді «Астана Операның» жетекші солисті, сопрано Жұпар Ғабдуллина.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер