BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Сингапур жемқорларға және олардың отбасына қарсы қатаң шаралар қолданады – Ли Сионг Гуан

Фото: ашық дереккөзден

Сыбайлас жемқорлық деңгейi төмен Сингапур мемлекетi жемқорларға және олардың отбасына қарсы қатаң шаралар қолданады екен. Бұл туралы Ақордада сингапурлық Мемлекеттiк саясат мектебiнiң профессоры Ли Сионг Гуан айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.

Бүгiн ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова Сингапур Ұлттық университетiне қарасты Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттiк саясат мектебiнiң профессоры Ли Сионг Гуанмен кездестi. Кездесу барысында Әбдiқалықова биыл Қазақстан мен Сингапур арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 25 жыл толғанын атап өттi.

«Бүгiнгi таңда елiмiзде экономиканы, саясатты және қоғамдық сананы қамтитын жүйелi жаңғыру жүргiзiлiп жатыр. Мемлекеттiк қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-әрекет салаларында ауқымды өзгерiстер жасалуда. Қазақстан үшiн әлеуметтiк-экономикалық даму мәселелерiндегi Сингапур тәжiрибесiнiң мәнi зор. Әсiресе, бiзге мемлекеттiк қызметтi реформалауға, адами ресурс сапасын арттыруға, сондай-ақ, ұлттық экономиканы цифрландыруға қатысты жайттар маңызды», - дедi Гүлшара Әбдiқалықова Ақордада өткен кездесуде.

Ал Ли Сионг Гуан журналистерге берген сұхбатында Сингапурдың сыбайлас жемқорлықпен қалай күресетiнiн айтып бердi.

«Сингапурда жемқорларға қарсы қатаң шаралар қолданылады. Бұны тарихи жағынан қарастырсақ, бiздiң ел аумағы шағын болғандықтан, адамды қандай да бiр сыбайлас жемқорлық әрекетiмен анықтау тәуекелi жоғары. Сондай-ақ, айыппұл санкциялары мен жазалау шаралары өте қатаң. Сондықтан шенеунiк сыбайлас жемқорлық әрекетiмен сот тыңдауларына шақырылса, бұл туралы ақпарат жедел түрде БАҚ арқылы таратылады. Газеттерде жарияланып, телевидениеде көрсету үшiн бейнероликтер түсiрiледi. Сонымен қатар, сол шенеунiктен басқа оның отбасы мүшелерi де ұятқа қалдырылып, олардың алдында көп жерлерде кедергiлер кездесетiн болады. Сондықтан, бiз үшiн бұл аса маңызды мәселе. Бұл тиiмдi шара. Және де, бiздiң елде айыппұл көлемi аса жоғары. Сыбайлас жемқорлықпен күресудiң тағы бiр тиiмдi шарасы - Үкiмет жұмысының тиiмдiлiгi. Бiздiң пiкiрiмiзше, егер азамат мемлекеттiк мекемеге барып, сәйкес мемлекеттiк қызметтi жылдам әрi еш кедергiсiз алатынын бiлсе, онда пара беру қажеттiгi туындамайды. Бiз Сингапурда сыбайлас жемқорлықпен осылайша күресiп отырмыз. Менiң ойымша, осы шаралардың арқасында елiмiзде жемқорлық деңгейi төмен», - дедi Ли Сионг Гуан.

Профессордың айтуынша, олар мемлекеттiк қызметкерлерге бiрнеше негiзгi қағида бойынша бiлiм бередi. Атап өтсек, бiрiншiден, шенеунiк жемқорлықпен айналыспай, адал еңбек етуi тиiс. Әр мемлекеттiк қызметкер оның негiзгi мақсаты - қоғамға барынша пайдасын тигiзу екендiгiн бiлуi керек. Сондай-ақ, мемлекеттiк қызметкелер халыққа жоғары сапалы қызмет көрсетуi қажет.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер