BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Постфактум. «Восток-2018»: бұл не болды? Сараптама

Ресей 11-17 қыркүйек аралығында «Восток-2018» әскери жаттығуларын өткізді. Оған 300 мыңға жуық жауынгер, 80 әскери кеме, 36 мың моторлы техника және 1 мыңнан астам ұшақ пен тікұшақ қатысты. Мұндай көлемді әскери жаттығу соңғы рет Советтер Одағында 1981 жылы өткен екен. Ол кезде Батыс елдері жаттығуды - Советтер Одағының әскери әлеуетін паш ету және ірі операцияға дайындалу деп бағалаған. Baq.kz тілшісі Ресейдің 37 жылдан соң сонша ауқымды әскери жаттығу өткізіуіне қандай факторлар себеп болғанын білуге тырысты.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Ресейдің ауқымды әскери жаттығуды ұйымдастыруын Батыс елдерімен байланыстың ушығып кетуімен байланыстырады.

«Қазірде Ресейдің Батыс елдерімен байланысы ушығып кетті. Ресей әскери жаттығуды «психологиялық қару» ретінде қолданғысы келетін сияқты. Мұндай әдісті Кеңес Одағы да пайдаланған. Ресей президенті Владимир Путин бұрынғы чекист ретінде (мемлекеттік қауіпсіздік органының қызметкері – автор) мемлекетті басқару ісінде Кеңес Одағының бұрынғы әдістерін пайдаланып отыр. Кеңес үкіметі мұнай мен әскери күшке сүйенді. Бірақ бұл артықшылық оларға көмектеспегенін білеміз», - деді ол.

Саясаттанушы Расул Жұмалы да көрші елдің соңғы жылдары әскери салаға ерекше мән бере бастағанын атап өтті.

«Ресей соңғы 5-10 жылда ірі әскери шараларды жиі өткізетін болды. Менің ойымша, бұл кездейсоқтық емес. Себебі, Ресеймен бірқатар Батыс мемлекеттері арасындағы байланыстар күрт нашарлап кетті. Әсіресе, Украина мен Сириядағы жағдайдан кейін. Сондықтан Ресей әскери күшін әлемге паш ету арқылы сес көрсеткісі келетін шығар. Ресей ЖІӨ-нің 5-6% әскери дайындыққа, қару-жарақ жасауға бөліп отыр. Бұл көрсеткіш өте жоғары. Мысалы, Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 1-1,5% аспайды, АҚШ-та шамамен 2%, Қытайда 2-3%. Бұл - Ресейдің әскери әлеуетті дамытуға баса мән беріп отырғанын көрсетеді», - деді сарапшы.

Досым Сәтпаев Ресей әскери жаттығуды өткізу арқылы халықтың патриоттық сезімін жасанды жолмен қалыптастырғысы келетінін айтады.

«Ол (Владимир Путин – автор) бір флаконға кеңес идеологиясы мен бұрынғы патшалық Ресейдің жүйесінің белгілі бір элементтерін араластырып, өзінен де бірдеңе қосып, «ура-патриотизмнің» қорқынышты қоспасын алып отыр. Осылайша, «Ресей әлемдік держава ретінде қайта күш жинап жатыр, ол барлық жауына тойтарыс беруі керек, Ресей қайтадан зұлым альянстың ортасында қалды» деген түсінік пайда болады. Бұл қандай да бір деңгейде Ресей халқының бір бөлігін дүбәралануына (зомбирование) алып келеді», - деді сарапшы.

Расул Жұмалы әскери жаттығуды ұйымдастыру арқылы Ресей билігі халықтың назарын басқа жаққа аударғысы келеді дейді.

«Ресейде экономикалық және қаржылық дағдарыс болып жатыр. Рубль бағамы құлдырауда, мемлекеттің ішінде шешімін таппаған түрлі мәселелер бар. Мысалы, зейнетақы жүйесін реформалауға қатысты наразылық, жастар мәселесі, Навальныйдың қозғалыстары. Қазіргі таңда билікке деген сын күшейіп бара жатыр. Менің ойымша, осындай жағдайда азаматтардың басын қосу, қоғамды біріктіру, сыртқы жаудың бар екенін еске салудың бір жолы - ауқымды әскери жаттығу өткізу», - деді саясаттанушы.

«Интерфакс» агенттігінің мәліметіне сәйкес, «Восток-2018» - «халықаралық жаттығу» деген статус иеленген. Оған Қытайдан 3 200 әскер, 900 әскери техника, 30 ұшақ; сонымен бірге Моңғолия әскерлері де қатысуда. Кейбір сарапшылар Қытайдың бұл ауқымды әскери жаттығуға қатысуына үлкен күдікпен қарайды. Досым Сәтпаев оның өз себебі бар дейді.

«Қазір Ресей сияқты Қытайдың да АҚШ-пен қайшылықтары бар. Антиамерикалық көңіл-күй Пекин мен Мәскеуді уақытша біріктіріп отыр. Бірақ егер бірдеңе бола қалса, Қытай өз күшіне сенетіні анық. Себебі, соңғы жылдары Қытай әскери салаға қомақты қаржы бөліп, әскери әлеуетін айтарлықтай арттырды. Қытай біреуге тәуелді болғысы келмейді. Керісінше, ол өзге елдердің өзіне тәуелді болуын қалайды. Бұл оның – басты мақсаты. Қытай мұны экономикалық құралдар арқылы жүзеге асырады», - деді сарапшы.

Саясаттанушы Айдос Сарым, Қытай аталған жаттығуға қатысқанымен, АҚШ және Еуропа елдерімен байланыс орнатуға баса мән беретінін жеткізді.

«Біріншіден, Қытай Ресей үшін «жанын беріп, өлетін» мемлекет емес. Екіншіден, Ресей мен Қытайдың арасындағы экономикалық қарым-қатынас Еуропамен немесе АҚШ-пен қарым-қатынастардың көлеміне жақындай да алмайды. Қытай Ресейге бола өз ұпайын бермейді. Қытайдың АҚШ және Еуропалық Одақпен 500-600 млрд долларды құрайтын сауда қарым-қатынасы бар. Ал Ресей мен Қытай арасындағы сауда айналымы осы көрсеткіштің шамамен 10-15% ғана құрайды», - деді ол.

Бұл орайда гибридті соғыс, алыстан ұрыс тактикасы заманында ертедегідей ауқымды әскери жаттығуды өткізу қаншалықты тиімді деген сұрақ туады. Яғни ақпараттық технологиялар дәуірі әскери әрекеттердің де мазмұнын өзгертіп отыр.

Мысалы, дрондардың пайда болуы (SWARM) кейбір әскери операцияларды адамдарсыз-ақ жүргізуге мүмкіндік тудырды. Қазірдің өзінде дрондар интеллектке ие болды. Бұл жерде ескі әдістеме бойынша жаттығу өткізу өзін қаншалықты ақтайды?

Қазақстанның бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Болат Жанасаев ақпараттық әскери технологиялар қанша дамығанымен, жауынгер маңызды рөлге ие болып қала беретінін жеткізді.

«Қандай гибридтік соғыс болмасын, кез келген соғысқа - әскер, техника, танктер және т.б. әскери құралдар жұмылдырылады. Оған әуедегі, теңіздегі, жердегі артиллериялар қатысады. Кез келген жағдайда құрлық және әуе-десант әскерлері, артиллерия, әскери-теңіз күштері, әскери ғарыш күштерін дайындау керек. Дрондарды атып құлатуға болады. Олар барлау жұмыстарын жүргізу, қарсыластың атыс позицияларын білу үшін керек. Сондықтан қай уақытта болсын, құрлық әскерлері маңызды күшке ие болып қала береді. Тек олар жаңа әскери техникалармен, құралдармен жабдықталып отыруы шарт», - деді сарапшы.

Айта кетейік, Ресей Қорғаныс министрлігі «Восток-2018» жаттығуының басты мақсаты - әскерді шалғайға орналастыру кезінде әскери басқару органдарының дайындық деңгейін, өзара әрекеттесуін тексеру деген еді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер