BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Петропавлға ХV өңіраралық форум қонақтары келе бастады

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан мен Ресейдің ХҮ өңіраралық ынтымақтастық форумында өзге облыс пен көрші елден келген қонақтарға петропавлдық 120 ерікті жол көрсетеді. Олар облыс орталығындағы қонақүйлер, мейрамханалар, әуежай мен сапаржайда меймандарды қарсы алу науқанын бастап кетті.

Бүгінде еріктілер өздері қызмет көрсететін орындарда сақадай сай тұр. Олар форум қонақтарына бейдж шығарады, ұйымдастырылып жатқан шаралармен таныстырады және форум жайлы кез келген сауалға жауап береді. Жастар тобы арнайы дайындық курстарынан өткен. Кейбірі - былтыр Астанада ұйымдастырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесіндегі еріктілер қатарында болған студенттер. Солардың бірі - Мадина Темірбекова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ студенті. Қаржы бөлімінің 3-курсында оқитын бойжеткен үш тілді еркін меңгерген.

«Ерікті қызметінде екі жыл жүрмін. Осы форумға қатысу – мен үшін мәртебе. Себебі екі Президент қатысатын жиын біз үшін өте маңызды. Өзім «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысқанмын, тәжірибем де бар. Есік алдында тұрып оларға жол көрсетемін, ол менің ең басты міндетім болады», - дейді ол.

Жалпы Қазақстан мен Ресейдің ХV өңіраралық ынтымақтастық форумына Солтүстік Қазақстан облысынан 120 ерікті қатысып, қонақтарға қызмет көрсетеді. Бүгінгі күні қонақтардың алғашқы легі келіп жатыр.

«Еріктілерді жинау жұмыстары сәуір айында басталды. Мамыр айында олар арнайы курстарға қатысты, оқу-жаттығулар екі апта бұрын аяқталды. Еріктілерді қонақтарды күтіп алуға, сабырлы болуға, көшбасшылық қасиеттерге астаналық тренерлер үйретті. Жастардың еңбегіне ақша төленбейді. Сонда да олар жұмыс істеуге ниет білдірді. Өйткені, жастарға осындай шараға қатысып, ұйымдастырушылар қатарында болу маңызды. Форум аяқталғанда оларға таратылған форма мен сөмкелер естелік болып қалады», - дейді СҚО Жастар саясаты мәселесі жөніндегі басқарма басшысы Ирина Тухватулина.

Форум көрмесі жақында ғана ашылған Теннис орталығында өтеді, сондықтан мұнда еріктілер штабы және қатысушыларға бейдждер шығарып беретін орын жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар форум қонақтарының саны жоспардан көп болуы мүмкін екенін айтты.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған форумға баратыны туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер