BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.3 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Петропавлда өңіраралық форум аясында гала-концерт өтті

Фото: Автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің өнер ұжымдары қатысқан «Достық көпірі» атты гала-концерт өтті. Солтүстік Қазақстан, Омбы, Қорған, Түмен облыстарының ұжымдары мен жеке орындаушылары халық алдында 3 сағат бойы өнер көрсетті.

Жастар сарайында өткен гала-концертте ине шаншар орын болмады. Ұйымдастырушыларға көрермендер үшін қосымша орындықтар да қоюға тура келді. Ресейдің хореографиялық және вокалдық өнер ұжымдары Қазақстан көрермендері үшін өздерінің ең үздік нөмірлерін алып келді. Концерт барысында әншілер құйқылжыта ән салып, мың бұралған бишілер өз өнерлерін халыққа тарту етті. Солтүстікқазақстандықтар да аянып қалмады. Жергілікті орындаушылар да сахна төрінен табылды.

«Біз форумға дайындықты жазда бастадық. Меймандарды қабылдайтын болғандықтан, жауапкершілікті сезіндік. Осы шарада өнер көрсету мақсатында арнайы екі ұжым құрылды. Қыркүйек, қазан айларында көп еңбек еттік. Ең бастысы, көрермен концертті өте жақсы қабылдады», - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының директоры Ботагөз Ақмағамбетова.

Ресейлік өнер ұжымдарының арасында Петропавлға алғаш рет келгендері де бар. Шетелдік меймандар қызылжарлық көрермен өздерін зор ықыласқа бөлеп, бір қуантып тастағанын жасырмады.

«Алтын қорымыздағы ең үздік номерлерді әкелдік. Көрермендер керемет екен, бізді қол соғып қарсы алды. Қабылдауға риза болдық. Бұл бізге шабыт сыйлады. Сондықтан жоғары деңгейде өнер көрсеттік деп ойлаймын. Бұған дейін Астана қаласына бірнеше рет барғанбыз. Петропавлға бірінші рет келдім. Қала ұнап қалды», - дейді Ресейдің Омбы қаласынан келген балет әртісі Дарья Подворная.

Концерт барысында Омбы, Түмен және Қорған облысынан келген және Петропавлдан 200-ден астам өнерпаз халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Форум аясында Қазақстан-Ресей киноларының күні де ашылды. Оның аясында Петропавл қаласындағы кинотеатрларда «Анаға апарар жол», «Әміре», «Оралман», «Ореховое дерево», «28 панфиловшы» сынды тағы басқа фильмерді тегін көрсету жоспарланған. Ал драма театрларында «Қарагөз», «Шолпанның күнәсі» атты тағы басқа спектакльдер сахналанады.

Фотосуреттер: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер