BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Петропавлда Қазақстан мен Ресей туристік көрмесі өтіп жатыр

Фото: автор

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастықтың ХV форумы аясында туристік көрме жұмысын бастады. Бірнеше күн бойы жалғасатын шараға Қазақстанның барлық өңірі мен Ресейдің 10 облысынан 40 экспонент қатысуда.

Фото: автор

Екі ел арасындағы әлеуметтік-мәдени, этнографиялық, медициналық, спорттық, мәдени-танымдық және туризмнің басқа да салаларын дамытуды мақсат еткен өңіраралық форумның ресми сайтында бүгінгі күнге дейін 2 мыңға жуық делегат тіркелген. Теннис орталығында ашылған көрмеде ине шаншар орын болмады. Көпшілік назарына туристік бағыттағы түрлі жоба ұсынылған.

«Бүгін қызу жұмыс басталып кетті. Біздің облыс Имантау-Шалқар курорттық аймағына басымдық беріп отыр. Биыл ол Қазақстандағы туризмді дамыту бағдарламасына енді. Нысанға коммуникациялар желісі тартылып, қалыпқа келтіріледі. Бүгінгі шара – туризм саласын дамытудың жаңа көкжиегін ашатыны сөзсіз», - деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.

Фото: автор

Көрмеге Ресейдің Алтай аймағынан келген Ямал-ненец округінің павильоны көпшілік назарын өзіне ерекше аударды. Ненец ұлттық нақышында безендірілген лашықта суретке түсушілер ұзын-сонар кезекке тұрды. Көпшілік Алтай аймағынан әкелінген шикі балықтың дәмін татты.

«Мен Қазақстанға бірінші рет келіп тұрмын. Петропавл өте қатты ұнады. Біз бүгін өз халқымыздың мәдениетін бейнелейтін бұйымдарды алып келдік. Мәселен, бізде бұғыларды қолға үйретіп, шаруашылықта әлі күнге пайдаланады. Ұлттық тағамдарымыздың көпшілігі – балықтан әзірленеді. Оны да ала келдік», - дейді ненец ұлтының өкілі Екатерина Салиндер.

Татарстан Республикасының павильонына келушілер Қазан қаласына 3Д форматта саяхат жасауға мүмкіндік алды. Көпшілік татар халқының мәдениетімен танысты.

«Татарстанда бар жақсының бәрін әкелдік. Біздің туризмге қызыққандар заманауи технологияның көмегімен еліміздің ең көрікті жеріне саяхат жасай алады. Осындай жаңашылдықтар қазақстандықтардың көңіліне ұнайды деп ойлаймын. Бүгінгі форумнан жаңа байланыстар күтеміз. Бірнеше келісімге қол қою жоспарланған», - дейді Татарстан Республикасының өкілі Сергей Иванов.

Шетелдік қонақтар назарына Қазақстан тарапынан Алматының апорты, Солтүстік Қазақстан облысының Шалқар-Имантау демалыс аумағы, Павлодар облысының Баянауыл ұлттық саябағы, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы сынды жобалар ұсынылды. Қазақтың ұлттық тағамдары мен қолөнер бұйымдары да көрмеден ойып орын алды.

«Бүгінгі көрме көңілімнен шықты. Өзім үшін көп пайдалы мәлімет алдым. Қазақстанда демалуға болатын орындардың көптігіне тағы бір көзім жетті. Бізде туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Біздің өлкенің табиғаты бай. Тек оны шетелдік туристерге ұлттық ерекшелігімізді қосып бере білуіміз керек. Туризм - осы күнге дейін де екі мемлекетті байланыстырып отырған маңызды экономикалық көпір саналады, сондықтан да Қызылжар төріндегі шарадан соң бұл сала одан әрі дами түсетініне сенімдімін», - дейді көрмеге қатысушы Гүлнәр Мұхамеджанова.

Форум аясында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерінің қатысуымен көрменің пленарлық отырысы өтеді. Екі елдің басшылары қатысатын ауқымды шара Солтүстік Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да келелі кездесу барысында туризмді дамыту және алға жылжытудың озық тәжірибесімен алмасуға, туристік индустрияға инвестициялардың келуін ынталандыруға баса назар аударылмақ. Екі күн бойы туризм саласы бойынша панельдік сессиялар жұмысы жоспарланған.

Петропавлда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өтетін екі мемлекет арасындағы ынтымақтастық форумы басталғанын хабарлағанбыз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер