BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Күн панельдері кластерін салу энергияны арзандатады – сарапшы

Өткен аптада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытайға мемлекеттік сапары кезінде бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды. Оның ішінде екі ел бірлесіп Қазақстандан мұнай өңдеу зауытын салу, Қазақстанда машина жасау саласын дамыту, күн электр станциясы панельдерін шығаратын кластерлер салу сияқты маңызды жобалар бар. Осы келісім-шарттардың ел экономикасы үшін маңыздылығы туралы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеу институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің ғылыми маманы Бекжан Садықов айтып берді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Қазақстан-Қытай тараптары қол қойған 40-қа жуық коммерциялық құжат – екі ел арасындағы стратегиялық дамудың жаңа кезеңі.

«Аталған келесімдерді жасау – Қазақстан-Қытай стратегиялық қатынас дамуының жаңа кезеңі. Бұл келісімдер Қазақстанның дамып келе жатқан салаларына жаңа серпін береді және ұзақ мерзімге мультипликативті эффектісі болады», - деді маман.

Бекжан Садықовтың айтуына қарағанда, Қазақстанда күн панельдері кластерін дамыту баламалы энергия көзінің қарқынды дамуына ықпал етеді. Ал Қытай бұл салада әлем бойынша алдыңғы қатарда тұр.

«Ал, жекелеген салаларға, оның ішінде баламалы энергияға тоқталсақ... Қытай нарығы 2004 жылдан бастап күн панельдерін шығарудан қарқынды дамып келеді. Бүгінде Қытайда күн энергетикасы жүйесінің ең озық үлгілері салынған. Оның үстіне, Қытай – күн панельдерін өндіруде әлемде көш бастап тұр.

Күн панельдері кластерін дамыту – Қазақстанда жасыл экономиканы құруға жасалған үлкен қадам. Баламалы энергетиканы дамыту – «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасында белгіленген стратегиялық басымдықтардың бірі. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2016 жылы өндірілген электр энергиясындағы баламалы энергия 12,7% болды. Енді салынатын кластер арқылы бұл көрсеткішті айтарлықтай жоғарылатуға болады. Айта кету керек, Қазақстанда 2050 жылға дейін баламалы энергия үлесін 50% қылу жоспарланған», - деді сарапшы.

Маман күн панельдері кластерін салу болашақта энергия бағасының төмендеуіне ықпал ететінін атап өтті.

«Мұнымен қоса, Қазақстан Париж келісімін іске асыруда шешімді әрекет жасап жатыр. Кластер атмосферадағы зиян заттардың үлесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, мұндай кластер ірі энергия жұмсайтын жобаларды іске асыруға жол ашып, энергобаланс құрылымында дәстүрлі энергетиканың бөлігін баламалы энергия алмастыра алады. Ол бізге дәстүрлі энергияны экспортқа немесе энергияны қажет ететін өндірістік өнеркәсіпке жіберуге мүмкіндік туғызады. Одан әрі дамыту арқылы энергия құнын да арзандата аламыз», - деді Садықов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер