BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қожамжаров ТМД Бас прокурорларының үйлестіру кеңесіне қатысты 

Фото: интернеттен

Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров Душанбе қаласында (Тәжікстан Республикасы) өткен ТМД қатысушы мемлекеттердің Бас прокурорлары үйлестіру кеңесінің 28-отырысына қатысты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Үйлестіру кеңесінің алаңы – заңдылықтың жай-күйіндегі проблемаларды, қылмыспен күрес және құқықтық тәртіпті күшейтудегі жаңа әдіс-тәсілдерді талқылауға тиімді.

Жыл сайын отырыстарға ТМД мемлекеттерінің – Ресейдің, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Армения, Әзербайжан жоғары қадағалау органдарының басшылары қатысады.

Биыл шақырылған қонақ ретінде Сауд Арабиясы Корольдігінің Бас прокуроры келді.

Қазақстандық делегация шетелдік әріптестеріне құқық қорғау жүйесін цифрландыру және прокурорлық қадағалауға IT-технологияларын енгізу жұмыстарымен таныстырды.

«Қазіргі кезде Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша цифрлық технологияларды енгізе отырып, қылмыстық процесті реформалауды жалғастырып жатырмыз. Бас прокуратура бұл жұмысты үйлестіреді. Прокурорлық қадағалау да белсенді түрде электронды форматқа ауыстырылуда», - деп атап өтті Қожамжаров.

Қазақстанның қылмыстық істерді электронды форматта тергеп-тексеру, әкімшілік іс жүргізу және өтініштерді қарауды цифрландыру, тексерулерді автоматтандыру, сондай-ақ талдау және ақпараттық жүйелерді қолдану жөніндегі тәжірибесі айрықша қызығушылық тудырды.

Бүгінгі күні 7 мыңнан астам іс электронды форматта тергеп-тексерілуде, оның жартысы сотқа жолданған. Сот екі мыңнан астамын қарады.

Қ. Қожамжаров Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы мемлекеттер бас прокурорларының отырысына қатысты.

Сонымен қатар, Қазақстан делегациясының Душанбе қаласына (Тәжікстан Республикасы) жасаған сапары аясында Қазақстанның Бас Прокуроры Қайрат Қожамжаров Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы мемлекеттер бас прокурорларының 16-отырыс жұмысына қатысты.

Жиынға ШЫҰ мемлекеттері – Ресей, Қытай, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанның, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер мен диалог бойынша серіктестердің жоғары қадағалау органдарының басшылары жиналды.

Қатысушылар терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл бойынша тәжірибелерімен бөлісті, ақпарат алмасу және ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мәселелерін талқылады.

Қ. Қожамжаров Қазақстан Президенті Н. Назарбаевтың биылғы жылдың қаңтар айында БҰҰ алаңында ұсынған Терроризмнен азат бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі кодексті қабылдау туралы бастамасын ерекше атап өтті.

Бас Прокурор аталған кездесулердің тиімділігі мен маңыздылығын айтып, еліміздегі шараларға жеке тоқталды.

Бүгінде Қазақстан 16 халықаралық әмбебап конвенция мен хаттамаға қосылды. Елде 24 ұйым сот тәртібімен террористік және экстремистік деп танылды, олардың жұмысына тыйым салынды.

«Террористік қауіптің жаһандық сипатын түсіне отырып және оған толықтай төзбеушілік көрсету арқылы, біздің көпжақты өзара іс-қимылды күшейту қажет», - деген ой білдірді Бас Прокурор.

Кибертерроризм көріністерінің артуын ескере келе, Қ. Қожамжаров ШЫҰ шеңберінде интернет кеңістіктегі терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен құқықтық құжатты қабылдау туралы ұсыныс жасады.

Талқылау қорытындысы бойынша тараптар экстремизм, терроризм және сепаратизмге, заңсыз есірткі айналымына, адам саудасына, экстремизм мен терроризмді қаржыландыру үшін қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыруға қарсы күрес бойынша ШЫҰ қатысушы мемлекеттер прокуратураларының күш-жігерін біріктіруге уағдаласты.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер