BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

«Қорғас-Шығыс қақпасы» құрғақ порты күніне 240 контейнерді қабылдайды

Бүгін телекөпір арқылы «Қорғас шығыс қақпасы» құрғақ портынан томат пастасы тиелген 82 контейнер Транскаспий көлік дәлізімен «Құрық» портына жөнелтілді. Бұл жайында KTZE – Khorgos Gatway ЖШС-сі құрғақ портының бас директоры Жаслан Хамзин айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Оның айтуынша, бұл жүк көлігі одан әрі Грузияның Поти портына жеткізіліп, кейін Италияға бет алады.

«Бұл құрғақ порттың жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болды. Осы аралықта инфрақұрылым техникамен қамтамасыз етілді. Қазір күніне Қытай жақтан 240 контейнерді қабылдаймыз. Порт алаңына 18 мың контейнер сыйады. Сондай-ақ 5 мың шаршы метрлі уақытша сақтау қоймасы салынған, оның 700 шаршы метрі тоңазытқышпен қамтылған. Қазір алма және тағы басқа жеміс өсіретін Панфилов ауданының кәсіпкерімен келіссөз жүргіздік, олардың жемісін тоңазытқышта сақтап, кейін Қытайға және басқа жаққа жеткізетін боламыз», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, құрғақ портының артықшылығы жүктің жылдам жеткізілуінде екен.

«Теңіз портының тасымал мөлшері өте жоғары. Біз оларды сүйемелдеуші болып табыламыз. Мәселен теңіз арқылы жүк 40 күнде жетеді, ал пойызбен 15 күнде. Әуе тасымалы қымбат болғандықтан клиенттер бізді таңдауда. Біз қазір жүктерді Ресейге, Орталық Азия, Кавказ елдеріне жеткізе аламыз. Мәселен, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия елдеріне үлкен мөлшерде жүктер жеткізілуде», - деді Жаслан Хамзин.

Сонымен қатар ол, Құрық портымен ынтымақтастық жөніндегі меморандум жасасқандарын және алдағы уақытта IT бағдарламаларын біріктіруді қалайтындықтарын жеткізді. Ол кедендік рәсімдеуде өте ыңғайлы болмақ.

Аталған құрғақ порт күніне 240 контейнерді қабылдайды. Алдағы уақытта 480 контейнерге дейін қабылдамақ. 40 контейнерлі пойызды тиеп, түсіру жұмыстарына орташа есеппен 55 минут кетеді екен.

Құрғақ порттың жалпы аумағы 129,8 гектарды құрайды, ол логистикалық және индустриалды аймақпен біріктірілген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер