BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қазақстан-Македон өзара іс-қимылының жаңа перспективалары айқындалды

Фото: СІМ баспасөз қызметі

Астана, BAQ.KZ. Елордада сыртқы саяси ведомстволар басшылары орынбасарларының деңгейінде Қазақстан-Македон саяси консультациялары өтті. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко және оның македониялық әріптесі Андрей Жерновский экономикалық дипломатия мен халықаралық аренадағы өзара іс-қимылға басымдық бере отырып көпжақты ынтымақтастықты тереңдету және саяси саладағы әріптестіктің өзекті мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында тараптар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстан қызметінің өзекті мәселелері, МАГАТЭ алаңындағы өзара іс-қимыл, Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астана процесі, Орталық Азия мен Балкан өңірі арасындағы перспективалық өзара іс-қимылдар бойынша пікір алмасты.

Тараптар Алматыда Македония құрметті консулдығының ашылуын жоғары бағалады.

«Біздің мемлекеттеріміз арасында қандай да бір саяси және өзге де сипаттағы келіспеушілік жоқ. Бұл өз кезегінде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты жандандыру мен кеңейтуге қолайлы алғышарттар қалыптастырады», деді Р. Василенко.

Осыған орай, Үкіметаралық комиссияның алдағы отырысына ынтымақтастықтың перспективалық салалары ретінде туризм, ауыл шаруашылығы, көлік, жоғары оқу орындар мен мәдениетаралық алмасу салалары анықталды.

Сонымен қатар, келіссөздерде екіжақты шарттық базаның жай-күйі мен оны кеңейту мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлінді.

А. Жерновский Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы әрі көреген саясатын айрықша бағалады.

«Президенттеріңіз өте беделді саясаткер, өзекті халықаралық, өңірлік проблемаларды шешуге әрдайым белсенді үлесін қосады», - деп мәлімдеді дипломат.

Сонымен қатар Р. Василенко македон тарапын Қазақстан экономикасына инвестиция салу мүмкіндігі мен Қазақстандағы шетелдік инвесторлар үшін преференциялар жөнінде хабардар етті.

Кейін Қазақстанның сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов А. Жерновский қабылдады.

Келіссөздер қорытындысы екіжақты саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың алдағы нақты бағыттарын анықтауға мүмкіндік берді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер