BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 336.39 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 390.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.36
Астана:

Қазақстан-Қытай келісімдері екі тарап үшін де тиімді – экономист

Фото: Sputnik Казахстан

Кеше Бейжіңде өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесі барысында экономикалық сипаттағы, жалпы құны 13 млрд доллар болатын 40 құжатқа қол қойылды. Олардың 15-і «Kazakh Invest» компаниясының қатысуымен. Осы келісімдерге сәйкес, Қазақстан территориясында көлік құрастыру, биотехнология және т.б. салаларында жоғары технологиялық өндірісті дамыту көзделіп отыр. Осыған орай экономист Исатай Қамбаров пікір білдіріп, келісімдердің екі тарап үшін де тиімді екенін атап өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Әзірге мұның барлығы келісімшарт түрінде ғана жасалғанымен, Үкімет өз алдына қабылданған шаралардың қалай орындалатынын жіті бақылайтын болады. Осыдан кейін барып қана келісімшарттың біз үшін қаншалықты тиімді болғанын айта аламыз. Десе де, бұл ақша өзін ақтайды деген пікірдемін. Бұл бір шетінен іскерлік қарым-қатынасты жақсартса, екінші жағынан экономикамыз үшін тиімді болып тұр», - дейді маман.

Исатай Қамбарұлының айтуынша, 40 келісім арқылы Қазақстанға берілетін 13 млрд доллар Қытай үшін көп ақша емес. Себебі, аспан асты елі тек Орталық Азияға ғана емес, әлемдегі басқа мемлекеттерге де бұдан да көп мөлшерде инвестиция құйып отыр.

«Осыдан екі жыл бұрын Қазақстандағы Қытай елшісімен әңгімелескен едім. Ол Қытайдың тек мұнай емес, басқа салаларға да инвестиция құюға дайын екенін жеткізді. Ал ол уақытта Қытай тек мұнай-газ саласына инвестиция салатын еді. Қазір сол сөзінің жаны бар екеніне көзім жетіп отыр», - дейді ол.

Осы күнге Қытай ауыл шаруашылығы өнімдерін импорттауда Қазақстанға тәуелді болмады. Ресей мен Бразилиядан қажетінше алды. Соңғы жылдары біздегі мүмкіндіктерге, өнімнің ешбір қоспасыз, таза екеніне көзі жетіп отыр. Өйткені кез келген ел шетелге шыққанда, ең алдымен, олардың потенциалын ескереді. Сол тұрғыдан алғанда Қазақстан қазір көптеген мемлекеттен алда келеді.

«Қытайдың Қазақстанға инвестиция құюға қызығушылық танытып отырғаны орынды. Өйткені олар инвестицияның толықтай ақталатынына сенімді», - дейді маман.

Естеріңізге сала кетсек, «Қазақстанда автомобиль өндірісі саласын дамыту» жобасы аясында «Аллюр компания топтары», «China National Machinery Import and Export Co.» компаниясы және «Бәйтерек» холдингімен жол картасы жасалды. Аталған жоба Қостанай облысында іске асырылмақ. Сондай-ақ, осы жоба аясында 1,1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестициямен толыққанды автомобиль кластерін (автобустар, жүк көліктері және электромобильдер) жасау көзделіп отыр.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Маусым 2018, 10:35
ҚАҒАЗБАСТЫ ҚАЗАҚСТАН!
Пікірлер