BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Қазақстан мен Түркия сауда айналымы 10 млрд долларға жеткізбек – Бас консул

Астана, BAQ.KZ. Түркия мемлекетінің құрылған күніне орай, Түркітілдес журналистер қорының ұйымдастыруымен, Түркияның Қазақстандағы бас консулы Рыза Қаған Йылмаз мырза қазақ журналистермен кездесті. Бұл туралы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

Бас консул кездесу барысында БАҚ өкілдеріне Қазақстан мен Түркия арасындағы саяси-экономикалық, дипломатиялық, тарихи және рухани мәселелер жайлы мағлұмат берді. Оның айтуынша, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның бастамасымен, екі ел арасындағы сауда айналымын жуық арада 10 миллиард долларға жеткізу мақсат етілген.

"Ежелгі Жібек жолын жаңғырту мақсатында қолға алынған "Заманауи Жібек жолы" жобасы мен жуырда ғана іске қосылған Баку-Тбилиси-Карс теміржол торабы бауырлас елдер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайта түсері анық. Бүгінде қазақ және түрік инвесторлары мұнай, мал шаруашылығы, азық-түлік, фармацевтика мен экономиканың басқа да салаларында өте белсенді. Түбі бір түркі елдері саяси, мəдени, рухани бағыттағы байланыстарын Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ, Түркі Академиясы халықаралық ұйымдар шеңберінде дамытып келеді. Ирак, Сирия сияқты соғыс өрті өршіген аймақтарда бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де Қазақстан мен Түркияның мүддесі ортақ", - деді ол.

Мəселен, түріктер Жер шарындағы көмекке мұқтаж аймақтарына 8 миллиард долларға жуық қаражат бөлген, соғыс болып жатқан елдердің азаматтарын шекарадан кедергісіз өткізіп, азық-түлік, баспанамен қамтамасыз еткен. Осының нәтижесінде, Түркияда жүрген сириялықтардың өзі 4 миллионнан асқан. Түркияның адам құқықтарын қорғау мен гуманитарлық көмек көрсету жобалары жайлы қазақ журналистерге кеңінен әңгімелеп берген Бас Консул қайырымдылық шараларында, мемлекеттердегі саяси тұрақтылықты орнатуда да Қазақстан мен Түркияның мүддесі ортақ екенін айтты.

"Сириядағы қантөгісті тоқтатуда Түркия мен Қазақстан тізе қоса əрекет етіп келеді. Сондай-ақ, 2016 жылдың 15 шілдесінде Түркияда əскери төңкеріс жасауға тырысқан фетуллахшылардың қылмысынан кейін Түркияға ең бірінші ресми сапармен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың келуі - кездейсоқ емес. Бауырлас ел - Түркияға деген рухани қолдауы деп білеміз", - деп түйіндеді консул.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Қараша 2018, 12:07
"Мен – студентпін"
Пікірлер