BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 401.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Қазақстан мен Оңтүстік Корея сыртқы істер министрлері экономикалық ынтымақтастықты талқылады

Фото: автор

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға ресми сапармен келген Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Кан Ген Хвамен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Кездесу барысында біз екі жақты ынтымақтастық пен өзекті мәселелерді талқыладық. Оның ішінде Корей түбегіндегі ахуалды, сондай-ақ саяси-экономикалық, әлеуметтік және басқа да өзара қатынастардың перспективалары туралы әңгімелестік. Қазақстан - Корея Республикасының Шығыс Азияда негізгі стратегиялық әріптесі», - деп атап өтті.

Сонымен қатар, 2016 жылдың қараша айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сеулға жасаған мемлекеттік сапары ынтымақтастықтың жаңа белесі болғандығы айтылды. Оған қоса, Қайрат Әбдірахманов екі ел ұстанымдарының ұқсас екенін жеткізді.

«Қазіргі таңда Астана мен Сеул арасында халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымдарымыздың ұқсас екені байқалып отыр. Оны ерекше атап өткім келеді. Халықаралық ұйымдар мен көпжақты форумдар аясында өзара жағымды іс-қимылдар дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер ортақ мақсаттардың бар екенін тағы да бір дәлелдеді және елдеріміздің көптеген саладағы ынтымақтастығын тереңдетуге өзара қызығушылықты да растады. Қазақстан мен Корея Республикасы достық пен өзара қарым-қатынас рухына негізделген. Оң және берік қатынастарды дамытуды жалғастыруға бел буып, оны жан-жақты дамытып, біздің халықтарымыздың игілігі үшін сақтап қалуға барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз», - деді министр.

Сонымен қатар, екі ел арасындағы «Төртінші өнеркәсіптік революциядағы» ақпараттық- коммуникациялық, цифрландыру бағыттары туралы айтылды. Сауда-экономикалық қатынастар, оған қоса көлік-логистика жағдайлары талқыланды. Ал, саяси бағытта келісе отырып шешуді талап ететін бірқатар мәселе, оның ішінде консулдық және қазақстандық инициативаны жетілдіру, сондай-ақ халықаралық бірлестіктердің кандидатуралары туралы сөз қозғалды.

Сонымен қатар, министр Қазақстанның Корея Республикасы мен КХДР-дың келісімге келуін қолдайтынын айтты.

«Қазақстан Корейаралық диалогтың қалпына келуін және Корея Республикасымен КХДР-дың бірігіп, Саммит өткізуін қолдайды. Астана алда өтетін Корейаралық Самиттен үлкен үміт күтеді», -деді ведомство басшысы.

Ал, Корея Республикасының сыртқы істер министрі Кан Ген Хва бүгінгі кездесу ол үшін үлкен құрмет екенін атап өтті. Сондай-ақ, Астананың 20 жылдығындағы таңғаларлық өзгерісіне тәнті болғанын айтты.

«Қазір екі елдің тауар айналымы 1992 жылдан бері 150 есе ұлғайды. Казақстан мен Корея Республикасы 2009 жылдан бастап стратегиялық әріптес болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың карашасында біздің елге жасаған сапары екі елдің қатынасын одан әрі жандандыра түскендей. Ол кездесуде көптеген келісімге қол қойылды. Энергетика, табиғи ресурстардағы серіктестік одан сайын артуы тиіс. Біз «Төртінші өнеркәсіптік революция» аясында Қазақстанмен әріптес ретінде жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз», - деді кездесу барасында министр Кан Ген Хва.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер