BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Қазақстан елшісі Тәжікстанмен ынтымақтастықты дамытудың негізгі бағыттары туралы айтты

Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары қарсаңында Қазақстанның Тәжікстандағы елшісі Нұрлан Сейтімов екі ел ынтымақтастығы дамуының негізгі бағыттары, сондай-ақ алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер туралы айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

«Мемлекет басшыларының кездесуі тар шеңбердегі және кеңейтілген форматтағы келіссөздерді көздейді. Оның барысында өңірлік күн тәртібіндегі және халықаралық өзекті мәселелер талқыланады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық қатынастарды одан әрі дамытуда сапалы жаңа деңгейге жетуге аса назар аударылатын болады», - деді елші.

Сейтімов биыл Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы дипломатиялық қатынастар орнағанына 25 жыл толғанын атап өтті. Бүгінде бұл қатынастар стратегиялық әріптестік негізінде дамып келеді.

«Қазақстан мен Тәжікстан сыртқы саяси бастамаларға өзара қолдау көрсетеді. Мысалы, Тәжікстан «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізудегі Қазақстанның өтінімін және Астанада Ислам ұйымын құру бастамасын, Дүниежүзілік сауда ұйымдағы еліміздің мүшелігін, сондай-ақ, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесін сайлауда Қазақстанның кандидатурасын қолдады», - деді Сейтімов.

Сондай-ақ, елшінің айтуынша сауда-экономикалық ынтымақтастықта Қазақстан Тәжікстанның негізгі сыртқы сауда серіктестері арасында екінші орынға ие. 2017 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда көлемі 776 млн долларды құрады, бұл 2016 жылға қарағанда 31,5% артық.

«Қазақстанның Тәжікстанға экспорттайтын өтімді тауарлар қатарында мұнай, автокөліктер, коммуналдық техникалар, қалалық автобустар мен теміржол саласына арналған өнімдер бар. Қазақстанда жиналған Evolution үлігісіндегі 4 локомотив қазірдің өзінде Тәжікстанға жеткізіліп үлгерді. Сонымен қатар, тағы екі локомотивті жеткізуге келісімшарт жасалды», - деді Н. Сейтімов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер