BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.04 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.99 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Қазақстан 14 елмен бірігіп адам саудасына қарсы күреспек

Фото: Автор

Астанада алғаш рет 14 мемлекеттің қатысуымен «Көші-қон маршруттары бойынша адам саудасына қарсы күрес» атты халықаралық симуляциялық жаттығу өтуде, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Аталған тренинг ЕҚЫҰ қолдауымен өтіп жатыр. Оған құқық қорғау органдары қызметкерлері, мемлекеттік емес ұйым өкілдері, шетелдік сарапшылар қатысуда.

Тренингтің басты мақсаты – адам саудасына қарсы күресте құқық қорғау органдары мен түрлі ведомстволар арасындағы байланысты күшейту.

Сыртқы істер министрлігінің аса маңызды тапсырмалар бойынша елшісі Мадина Жарбосынова адам саудасының құрбандары Қазақстан арқылы басқа елдерге жеткізілетінін атап өтті.

«Қылмыскерлер Қазақстан арқылы адамдарды заңсыз тасымалдайды. Қазақ елі – адам саудасы құрбандары келетін, тұратын және транзитті елдердің бірі. Алайда мұнда Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген азаматтардың құрылыста, фермаларда заңсыз жұмыс істегені туралы деректер де тіркеледі. Әрине, біз құқық қорғау органдары мен министрліктердің арасындағы байланыстың күшейгенін қалаймыз», - деді ол.

Сарапшылардың айтуынша, адам саудасы - өзінің ауқымы мен табыс әкелу көлемі жағынан қару-жарақ пен есірткі саудасынан кейін үшінші орында тұр. Осы орайда ҚР Бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов аталған қылмысты ашу неге ұзақ уақыт алатынын түсіндірді.

«Адам саудасының таралу ауқымы өте кең. Бұл қылмыс бір мемлекеттің шекарасымен ғана шектеліп қалмайды. Ол бір елде басталады, келесі мемлекет транзит болуы мүмкін. Соңында қылмыс үшінші мемлекетте аяқталады. Онымен нәтижелі күресу үшін құқық қорғау органдарының арасындағы қарым-қатынас өте тығыз болуы шарт», - деді ректор.

Сонымен қатар ол аталған тренингтің басты ерекшелігіне тоқталды.

«Бүгін «Көші-қон маршруттары бойынша адам саудасымен күрес» атты тренинг ұйымдастырып отырмыз. Оған Еуропа мен Азиядан келген 14 мемлекеттің өкілі қатысып жатыр. Біріншіден, мұнда мамандар өзара тәжірибе алмасады. 14 елдің де құқық қорғау органдары өз білгендерін айтады. Екіншіден, мамандар білімдерін шыңдайды. Үшіншіден, аталған тренингте қылмыс жасалады. 22-23 актерді шақырдық. Олар жәбірленушінің рөлін ойнайды. Содан соң құқық қорғау органдарының қызметкерлері бұл қылмысты тергейді. Бұл – аталған шараның басты ерекшелігі.Тренингте жәбірленушілерге қандай көмек көрсетілуі қажеттілігі де айтылады», - деп түйіндеді сөзін Ерғали Мерзадинов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер