BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Тоқаев Индонезия президентіне Дін көшбасшылары съезіне шақыруды табыс етті

Индонезияда сапарда жүрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Қ. Тоқаевтың ел Президенті Джоко Видодомен кездесуі сапардың басты оқиғасы болды. Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Сенат Төрағасы Индонезия басшысына биылғы қазан айында Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруын жеткізіп, Әлем және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI Съезіне қатысуға шақыруды табыс етті. Қ.Тоқаев Астанадағы дінаралық форум дін көшбасшыларымен қатар әлемдік деңгейдегі саясаткерлер де бір үстел басында бас қосатын үнқатысу алаңы ретінде мойындалғанын атап өтті. Съезд жұмысына БҰҰ Бас хатшысы, көптеген мемлекеттің басшылары, халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.

Сенат Төрағасы жер жүзіндегі ірі мұсылман мемлекеті басшысының Астана форумына қатысуы, ислам әлеміндегі Индонезияның маңызды рөлін ескере келгенде, «Діни қайраткерлер қауіпсіз әлем жолында» тақырыбына арналған алдағы саммиттің табысты өтетініне ықпал ететінін атап өтті.

Қ.Тоқаев екіжақты қатынастардың келешегі туралы айта келіп, Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы жетекші елдердің бірі – Индонезиямен жан-жақты әрі өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ерекше маңыз беретініне назар аударды. Кейінгі жылдарда екіжақты қатынастардың барлық бағыты бойынша, атап айтқанда, сауда-экономикалық, аймақаралық ынтымақтастық, мәдени-гуманитарлық және парламентаралық өзара іс-қимыл салаларында оң өзгерістер көрініс тауып отыр.

Қ. Тоқаев іске қосылатын жаңа көлік-логистика бағдарларының келешегіне, бірінші кезекте Қазақстанның «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен ҚХР-дың «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бастамасының ұштасу жоспарына байланысты жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. Атап айтқанда, «Қазақстан - Ляньюньган порты (ҚХР) – Азия-Тынық мұхиты аймағындағы теңіз порттары» көлік дәлізінің мүмкіндіктері сауда-экономикалық ынтымақтастығын тереңдетуге ықпал ететін болады.

Исламдық қаржыландыру саласындағы Индонезияның мол тәжірибесін ескере отырып, Қазақстан тарапы Астана халықаралық қаржы орталығының аясында Индонезия қаржы институттарын жұмысқа тартуға ықылас білдіріп отыр. Мемлекет басшысы Астана халықаралық қаржы орталығы қызметінің басым бағыттарының бірі ретінде ислам қаржыландыруын атаған болатын.

Джоко Видодо өз кезегінде Қазақстанға шақыруына орай Президент Н. Назарбаевқа алғыс айтты әрі саяси, экономикалық және мәдени екіжақты байланыстарды ұлғайту мақсатында барлық шараны қабылдау жөніндегі ниетін жеткізді.

Қазақстан Сенатының Төрағасы мен Индонезия Халық кеңесшілері конгресінің Төрағасы Зулкифли Хасанмен әңгімесінің тақырыбы парламентаралық байланыстарды нығайтудың келешегі туралы болды. Қ.Тоқаев Қазақстанның саяси жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етіп, Парламент жоғарғы Палатасының конституциялық өкілеттіктері жайында әңгімелеп берді. Индонезия тарапы Қазақстанның президенттік бес әлеуметтік бастамасын іске асырудағы жоспары мен саяси және рухани жаңғыру бағдарламасына ерекше ықылас білдірді.

Қ. Тоқаевтың Индонезия Халық өкілдері кеңесінің Төрағасы Бамбанг Сусатиомен кездесуінде заң шығару органдарының үнқатысу мәселелері әңгіме өзегіне айналды. Әңгіме барысында Қазақстан мен Индонезияның өзара ынтымақтастығын нығайтудағы парламентаралық құрамның маңызды рөлі атап өтілді. Қ. Тоқаев екі елдің заң шығару органдарында қызмет ететін депутаттық достық топтарының жұмысын өрістетуге шақырды.

Қ.Тоқаевтың сапар бағдарламасы бойынша Индонезия Вице-президенті Юсуф Калламен кездесуі 14 наурызға белгіленді.

Қазақстан делегациясы мәдени бағдарлама аясында Жакартадағы Ұлттық тәуелсіздік монументінде және «Таман Мини Индонезия» паркінде болды.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер