BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Петропавлдағы форум. Ресей форумнан не күтеді?

Фото: © РИА Новости/Алексей Дружинин. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ президенті Владимир Путин Челябідегі кездесу кезінде. 2017 жылдың 9 қарашасы

Астана, BAQ.KZ. 9 қараша күні Петропавлда өңіраралық ынтымақ мәселесі бойынша Қазақстан мен Ресейдің мемлекет басшылары қатысатын форум өтеді. Өңіраралық форумдар - Ресей үшін ерекше мәні бар оқиғалар. РФ осы арқылы өзінің аймақтағы орнын бір пысықтап алатын сияқты.

Ресей мен дүйім әлем арасындағы кикілжің бәрімізге аян. Мұндайда Қазақстан сияқты стратегиялық әріптестің аймақтағы саясатынан бастап, БҰҰ-дағы дауыс беруіне дейін маңызды.

Бүгіндері РФ президенті Путин халықаралық аренада тағы да екіұдай жағдайға қалып отыр. 11 қарашада Парижде болатын I дүниежүзілік соғыстың бітуіне 100 жыл толуына орай шарада Израиль премьері Нетаньяхумен кездесуі болмайтын болды. Мұны ресми Кремль "Франция билігінің өтініші" деп түсіндірді. Бұдан сәл ертерек дәл осы шарада АҚШ президенті Трамппен кездесу әрекеті де аяқсыз қалған болатын. Ресми түсініктеме - Вашингтон мен Мәскеудің кездесуі күн тәртібіндегі басты шараның маңызын жауып кетуі мүмкін.

Өз кезегінде Қазақстан - Ресеймен арада жасалған уағдаластықтың барлығына әрқашан берік болған. "Мәңгі достық" деген сөзді әйтеуір Қазақстан ешқашан кереғар түсінбеген, оның мазмұнын құбылтып, "кеңейтуге", "астар" іздеуге тырыспаған. Ресейді аймақта да, халықаралық аренада да көптеген серіктестерінің бірі ретінде қолдап келді.

Путиннің Қазақстандағы күн тәртібі келесідей. Бүгін (8 қараша күні) Астанаға түсіп, Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымының жұмысына қатысады. Бұл ұйымның ең жоғары органы - Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы Назарбаев екенін ескерсек, сессия барысында қол қойылады деп күтілетін 20 шақты құжатқа Қазақстанның ықыласы маңызды.

Ал 9 қараша күні Путин Қазақстанның солтүстігіне барады. Петропавлда «Қазақстан мен Ресейдегі туризмді дамытудағы жаңа шешімдер мен тенденциялар» тақырыбында өтетін XV өңіраралық форумға қатысады. Форумның пленарлық мәжілісіне қатысқаннан кейін президент Назарбаевпен бірге тақырыптық көрмеде болады. Бұл шарада да екіжақты келісімдерге қол қойылады. Бұған қоса, осы форумда Назарбаев пен Ресей президентіне "Бәйтерек" зымырандық кешенінің презентациясы жасалады.

Ресей президентінің қазіргі ахуалда аймақтағы стратегиялық әріптесі Қазақстанның оң ықыласына мұқтаж екені сөзсіз. Ал Қазақстан тарапы кез келген қарым-қатынаста әрқашан тек экономикалық риторикада болғаны әлемге аян.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер