BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 326 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 382.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.29
Астана:

«Еліне жол ашқан» – қазақ пен әзербайжан халқының терең достығының айғағы

Фото: Ержан Жаубай

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасында «Еліне жол ашқан» кітабының тұсаукесері өтті. Қазақ тіліне аударылған аталмыш кітап әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлирзаұлы Әлиевке арналған, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Қасымбеков, Әзербайжан Президентінің қоғамдық-саяси сұрақтары бойынша көмекшісі Әли Гасанов, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының төрағасы Әділ Әлиев, Әзербайжан Парламентінің депутаты, «Әзербайжан-Қазақстан» парламентаралық достық тобының мүшесі Низами Джафаров, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Әмірхан Рахымжанов, Халықаралық түркі академиясы ұйымының президенті Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов қатысты.

«Гейдар Әлиев – қазіргі гүлденген, демократиялық Әзербайжан Республикасының негізін қалаушы. «Еліне жол ашқан» кітабының тұсауы Әзербайжан көшбасшысының 95 жылдығына орай өткізіліп отыр. Басылымның алғы сөзін Гейдар Әлиевпен тамыры терең достықта болған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев жазған. Бұл кітаптың жарық көруі екі ел арасындағы достықтың бір айғағы. Естеріңізде болса осыдан алты ай бұрын Елбасы туралы «Нұрсұлтан Назарбаев. Өмірбаян» атты кітап әзербайжан тілінде жарық көрген болатын» - дейді Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы, жаңа басылым редакция алқасының жетекшісі Махмұт Қасымбеков өз сөзінде.

Кітапта мемлекет басшыларының, әлемге белгілі саясаткерлердің, экономисттер мен бизнесмендердің естеліктері келтірілген. Сонымен қатар, оның беттерінде КОКП ОК Саяси бюросының бұрын құпияда сақталған құжаттары мен суреттері ұсынылған.

Танымал тұлға жайлы кітаптың таныстырылымына келген қонақтардың барлығы да Гейдар Әлиевтің өз елінің дамуы үшін атқарған істерін жоғары бағалап, оның Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қарым-қатынастың жоғары үлгісін көрсете білгендігін айтты.

Аталған кітап әзірге 500 данамен жарық көрген. Алдағы уақтта тиражын көбейту жоспарда бар. Бұл «Еліне жол ашқан» туындысының екінші басылымы. Алғаш рет Гейдар Әлиевтің 90 жылдық мерейтойына орай Ресейде орыс тілінде жарық көрген.

Іс-шара барысында Гейдар Алиев туралы фильмнің көрсетілімі мен Елбасы кітапханасының Музейі бойынша экскурсия өтті.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер