BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Болашақта ғарышқа қазақ-өзбек жер серігі ұшырылуы мүмкін

Астанада «Жаңа геосаяси және геоэкономикалық жағдайдағы Қазақстан мен Өзбекстан ынтымақтастығының келешегі» атты халықаралық конференциясы өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Конференцияны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ), Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институты (САЗИ), Астанадағы Фридрих Эберт қорының өкілдігі (Германия) ұйымдастырды.

2017 жыл Орталық Азия елдерінің арасындағы қарым-қатынастардың динамикасына маңызды өзгерістер енгізді. Бүгінде бұл үрдіс жаңа серпінге ие болып, Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер береді. Өзбекстан аймақтың барлық елдерімен қарым-қатынастарын нығайту ниетін көрсетті. Бұл стратегия аймақтық диалогты жандандыруды және Орталық Азиядағы кооперациялық парадигманы нығайтуды ұстанған Қазақстан тарапынан қолдау тапты.

2018 жылдың 15 наурызында Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.М.Мирзиеевтің бастамасымен және Қазақстанның белсенді қолдауы негізінде Астана қаласында Орталық Азия елдері басшыларының кездесуі өтіп, ол жерде аймақта тұрақты дамуды қамтамасыз ету, өзара тиімді ынтымақтастыққа пен қауіпсіздікке қол жеткізуге бағытталған аймақтық өзара әрекеттесу мен көпжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

"Қазіргі кезде біздің өзбек әріптестеріміз шетелдің жер серіктерін қолданып келеді. Сондықтан бірлесіп бір жер серігін құрастыру туралы ұсыныс жасалды", - деді Халықаралық әскери-теxникалық ынтымақтастық департаментінің директоры Асланбек Сырланов.

2018 жыл Қазақстанда Өзбекстан жылы деп жарияланды. Аймақтың екі ірі елі – Өзбекстан мен Қазақстан екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты кеңейту үшін маңызды әлеуетке ие. Бұл тұрғыда, 2017 жылдың 30 қазанында Өзбекстан Республикасының Президенті жанындағы Стратегиялық және аймақаралық зерттеулер институтының (САЗИ) ұйымдастыруымен «Өзбекстан-Қазақстан: дипломатиялық қарым-қатынастарының 25 жылдығы» атты халықаралық конференция өтті. Осында бастау алған жемісті диалогты жалғастыру және тереңдету мақсатында ҚСЗИ мен САЗИ жоғарыда аталған халықаралық конференцияны жоспарлаған болатын.

"Орталық Азияның әрбір мемлекеті бір-бір жер серігін басқарып отырады. Алайда бес бірдей аппараттың мәліметтерін қолдануға мүмкіндік бар. Осылайша, күн сайын жаңа суреттерді алуға болады. Осының бәрін Қазақстан ұсынып отыр" - дейді Асланбек Сырланов.

Халықаралық конференция жұмысына САЗИ басшылығы мен сарапшылары, Қазақстандағы ғылыми-академиялық және сараптамалық-аналитикалық орталықтардың өкілдері, ҚР Парламенті депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың, өзбек этномәдени орталығының өкілдері және т.б. қатысты.

Конференция аясында Қазақ-Өзбек сараптамалық кеңесінің бірінші (құрылтай) отырысы, сондай-ақ ҚСЗИ мен САЗИ арасындағы өзара түсіністік туралы жаңартылған меморандумға қол қою ресми рәсімі өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер