BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 369.35 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.57
Астана:

Бізге бірдеңе жетіспейді – Қытай елшісі жаңа миссиясы туралы

Фото: Гүлжан Раманкулова

Қытай Халық Республикасының ҚР-дағы жаңа елшісі Чжан Сяо алғаш рет қазақстандық журналистерге сұхбат берді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Елшінің жұмысына кіріскеніне бүгін толық 14 күн болды. Оның орыс тілінде еркін әрі иірімді сөздерді қолданып сөйлеуін бірден аңғаруға болады. «Пекин Палас» қонақүйінде өткен жиында дипломат акцентсіз орысша сөйлеуінің сырын ашты.

«Мен тырыстым. Орыс тілі – шынымен өте қиын тілдердің бірі. Бірақ Қытайда орыс тілін үйрететін мықты ұстаздар мектебі бар», - деді ол «Қытай қазақстандықтардың көзімен» фотоконкурсының жеңімпаздарын марапаттаудан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Гүлжан Раманкулова

Кейін елші қазақ тілін үйрену мүмкіндігін де қарастырып көретінін айтты.

«Меніңше уақытымен барлығы болады», - деп жауап берді қазақ тілін үйренуге қатысты сұраққа Чжан Сяо.

Оның айтуынша, Қазақстан мен Қытай тұрғындарының байланысын әлі де болса кеңейту керек.

«Біз жақын достармыз, көршіміз, ежелгі серіктеспіз, бірақ неге екенін білмеймін бір-бірімізді жақсы білуіміз керек болса да, бірдеңе жетіспейді. Меніңше, осы деңгейімізде, қоғам деңгейінде, орны толмай тұрған шикілік – жетіспеушілік байқалады. Міне сондықтан осы фотоконкурс секілді жобалар адамдарға бір-бірін жақсы танып білуге септігін тигізеді», - деді елші.

Елші Қазақстанға қайтып келгендегі алғашқы әсерімен де бөлісті.

«Мен Қазақстанға осыдан 7-8 жыл бұрын жұмыс барысымен келгенмін. Ол кезде басқа салада қызмет ететінмін. Бүгінде елші болып келгенде Қазақстанның аз уақыт ішінде қалай қарқынды дамып кеткеніне таң қалдым. Мұндай елеулі өзгеріс болады деп ойламадым. Басқалар Қазақстан туралы еске алғанда көлемі үлкен, кең жазық дала, мұнайға бай ел деп ойлайды. Ал мен болсам ,Қазақстанды тек пайдалы қазба байлықтарға толы ғана емес, өте бай табиғаты бар, Еуразиялық құрлықтық дәл ортасында тұрған көлік-логистикалық бағыттың негізгі торабы дер едім. Бұдан басқа, қазақстандықтар Қытаймен тығыз қарым-қатынас орнатып, достық байланыс орнатқысы келітінін көрдім", - деп бөлісті Чжан Сяо.

Айта кетсек, аталған фотоконкурсты Қазақстандағы Қытай елшілігі «Казахстанская правда» газетімен бірлесе отырып ұйымдастырған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер