BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Астана үлкен диалогтық алаңға айналды – Қанат Жұмабаев

Астанада өткен «Астана клуб» халықаралық пікірталас алаңының үшінші отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев үш сағат халықаралық сарапшылармен сөйлесіп, бірқатар сұрақтарына жауап берді. Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

13 қарашада Астанада «Үлкен Еуразия: текетірес немесе серіктестік» тақырыбында «Астана клубының» үшінші отырысы өтті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан шараға әлемнің 28 елінен 60-тан астам саяси қайраткерлер, дипломаттар, атақты саясаттанушылар, беделді ғалымдар мен АҚШ. Ресей, Қытай, Үндістан, Еуропа, Таяу Шығыс, Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің ірі «ақыл-ой орталықтарының» жетекші сарапшылары жиналды.

«Астана екі күн кезекті рет үлкен диалогтық алаңға айналып, жетекші халықаралық сарапшылар, бұрынғы мемлекет басшылары мен саяси қайраткерлердің басын қосты. Үшінші отырыста шараның форматын аздап өзгерттік. Былтырғы жылдарға қарағанда отырыс жұмысына қатысатын елдер саны өсті. Мысалы былтыр 21 ел қатысса, биыл 28 елден 66 өкіл келді. Абдолла Гүл (Түркия), ВацлавКлаус (Чехия), Данило Тюрк (Словения) сынды бұрынғы мемлекет басшылары мен алаңымызға бірінші рет Stratfor компаниясының негізін қалаушы Джордж Фридман келді», - деді ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев.

Сонымен бірге ол биылғы клуб отырысының ерекшелігіне тоқталды.

«Астана клуб отырысы Чатхэм Хауз форматында өтті. Бұл дегеніміз талқыланған мәселелер ашық түрде айтылса да, сарапшы пікірлерінің толық анонимділігі сақталады. Адамдар сарапатамалық ойларын еркін түрде айта береді. Соның арқасында тараптар шынайы әрі кәсіби диалог алаңын құруға мүмкіндік алады», - деді Қанат Жұмабаев.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының айтуынша мемлекет басшысы мен халықаралық сарапшылар арасындағы сұхбат үш сағатқа созылған.

«Үшінші отырыста Нұрсұлтан Назарбаев клуб қатысушыларымен кездесті. Сарапшылардың сұрағы өте көп болғандықтан отырыс үш сағаттан астам уақытқа созылды. Елбасы бірқатар сұрақтарға жауабын берді. Олар мемлекет басшысымен сұхбаттаса отырып, ядролық қарусыздандыру, әлемдік саудадағы протекционизм мәселелерін көтерді. Сирия мәселесін реттеу мен Иранның ядролық бағдарламасына деген Қазақстанның көзқарасы, сондай-ақ Қазақстанның жаһандық және өңірлік деңгейде экономикалық ынтымақтастық жөніндегі инвестициялық саясаты мен жоспарларына халықаралық сарапшылар қызығушылық танытты», - деп мәлімдеді Қанат Жұмабаев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер