BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Елшімен кездесу. ШҰАА-дағы этникалық қазақтардың мәселесі оң шешімін табады

Фото: СІМ баспасөз қызметі

Астана, BAQ.KZ. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ҚХР-дың Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдады және дипломаттың қызметіне жақында кірісуімен құттықтай отырып, Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті алға жылжытуда табыстар тіледі.

Кездесу барысында екіжақты саяси қатынастардың жай-күйі мен келешегі, Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, қауіпсіздік проблемалары бойынша өзара ықпалдастық талқыланды. Өзара қызығушылық тудыратын қазіргі заманғы өзекті мәселелердің бүкіл спектрі бойынша диалогты дамытудың маңыздылығы айрықша атап өтілді.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ҚХР-ға мемлекеттік сапары және оның 2018 жылдың маусым айында ШЫҰ Саммитіне қатысуы қорытындысы негізінде қол жеткізілген екіжақты келісімдерді жүзеге асыру барысын талқылауға ерекше назар аударылды.

Әбдірахмановтың айтуынша, Астана мен Пекин арасындағы жан-жақты табысты ынтымақтастық, негізінен ерекше достық және сенімді қатынастар орнатқан екі ел басшылары күш-жігерлерінің арқасында мүмкін болды. Соңғы жылдары «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық жобасын «Белбеу және жол» бастамасымен ұштастырумен қатар, бірқатар ірі инвестициялық жобар жүзеге асырылды.

Қытай Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі болып табылады, сонымен бірге Астана, Қазақстанның өнімдерін, ең алдымен ауыл шаруашылық өнімдерін қытай нарығында кеңейтуге мүдделі. Осы жылдың қыркүйек айында Астана қаласында «Белбеу және жол» бастамасының 5 жылдық мерейтойына орай 130-дан астам қытайлық іскерлік топ өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған бизнес-форумның нәтижесі жоғары бағаланды. Тараптар Өндірістік қуаттарды дамыту бағдарламасын одан әрі іске асыруға қызығушылық танытты. Бүгінгі күні жалпы құны 27 млрд доллар құрайтын 51 бірлескен жобалар бойынша жұмыс жүргізілуде, оның ішінде жалпы құны 2,5 млрд долл. құрайтын 9 жоба іске қосылды.

Осы ретте, тараптар жоғары үкіметтік деңгейдегі алдағы жоспарланған кездесулерге дайындық мәселелерін талқылады және олардың нәтижелері екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастардың барлық спектрін дамытуға оң серпін беретінін атап өтті.

ҚХР елшісі, Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының мазмұнын жоғары бағалап, 2019 жылды Жастар, туризмді қолдау, Шымкент қаласының үлгісіне сәйкес мегаполистерді дамыту жылы деп жариялау сияқты бірқатар бастамаларды жүзеге асыруға қытай тарапының қызығушылығын білдірді.

Сонымен қатар, кездесу барысында, тараптар ҚХР-дағы қазақ диаспорасының Қазақстан мен Қытай арасындағы «достық көпірі» ретінде саналатынын атап өтті. Сонымен бірге, ШҰАА этникалық қазақтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға байланысты мәселелер өзара сенімділік, тату көршілік, құрметтеу қағидаттары негізінде және стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейіндегі рухында оң шешілетін болады деген уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстан тарапы Қазақстан азаматтарына ҚХР-дың жеке, іскерлік және туристік визаларын беруді тез арада қайта жалғастыратынына үміт білдірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер