BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 361.94 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.25 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.4
Астана:

Әбдіқалықова Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды

Фото: интернеттен

Бүгін ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова жұмыс сапарымен Өзбекстан Республикасына барды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекеттік хатшы сапар аясында Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары, Әйелдер комитетінің төрайымы Т.Нарбаеваның шақыруы бойынша Қазақстан және Өзбекстан әйелдері бизнес-форумына қатысты.

Оған сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар, «Атамекен» ҰКП, үкіметтік емес ұйымдар, кәсіпкер әйелдер қоғамдастығы өкілдері қатысты.

Құттықтау сөзінде Гүлшара Әбдіқалықова ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына айрықша көңіл бөлетінін атап өтті.

Мемлекет басшысының «Біздің екі халықтың қарым-қатынасының нағыз бауырластық сипаты өз тамырын сонау ғасырлар қойнауына тартып, ата-бабаларымыздың даңқты ортақ тарихы мен бай рухани мұрасы арқылы бекіп жатқаны» жөніндегі сөзіне көңіл аудартты.

Г.Әбдіқалықова Қазақстанда әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған мемлекеттік саясат жүргізіліп отырғанын айтты.

– Демократиялық қоғам құрудың негізгі бағытының бірі гендерлік үйлесімге қол жеткізу болып саналады. Тәуелсіздік жылдарында қомақты нәтижелер еңсерілді. Біз әйелдердің саясатқа араласуы жөнінен орнықты ілгерілеушілікке қол жеткіздік. Мәжілісте 29 әйел бар, яғни олар депутаттардың жалпы санының 27%-ынан асады. Экономикада қарқынды түрде кәсіпкер әйелдер секторы қалыптасты. Шағын және орта бизнес субъектілерінің 44%-ын әйелдер басқарады, олар бұл саладағы барлық жұмыс орнының үштен бірін қамтамасыз етіп отыр, – деді Мемхатшы.

Форумда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Өзбекстан әйелдері комитеті арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, Қазақстан мен Өзбекстанның кәсіпкер әйелдерінің инновациялық бизнес-жобалары назарға ұсынылды, сындарлы түрде озық тәжірибе алмасу жүзеге асырылды.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Г.Н.Әбдіқалықова форум аясында Өзбекстан премьер-министрінің орынбасары, Әйелдер комитетінің төрайымы Т.К.Нарбаевамен бірге әйелдер бизнес қоғамдастығы ынтымақтастығының, сондай-ақ әйелдердің рөлін арттыру мен мүмкіндіктерін кеңейтудің өзекті мәселелерін талқылады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер