BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 352.54 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 415.15 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.31
Астана:

Жаңалық ауылында қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей ашылады

Фото: Жұмабай Мұсабек

Алматы облысының Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылында аза тұту күні өтті. Облыс әкімі Амандық Баталов бастаған топ ескерткіш-мемориалға гүл шоқтарын қойып, боздақтарға құран бағыштады, - деп хабарлайды BAQ.kz аймақтағы тілшісі.

Алматыдан 40 шақырымда жатқан Жаңалық ауылының аумағы 1932 жылдары болған саяси қуғын-сүргін кезінде атылған адамдарды жаппай жерлейтін мекен ретінде пайдаланылған. Қазір мұнда құрбандарды еске алуға арналған ескерткіш-мемориал орналасқан. 31 мамыр күні боздақтарды еске алып, үнсіздік жариялау жыл сайын дәстүрге айналды.

«Жыл сайын осы күні ел тәуелсіздігі үшін күрескен, ұлтымыздың біртуар, аяулы ұл-қыздарын, жазықсыз жапа шеккен құрбандарды еске аламыз. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру жұмыстары қанша уақыт өтсе де тоқталмауы тиіс», - деді биылғы аза тұту рәсімінде облыс әкімі Амандық Баталов.

Әкім өз сөзінде Жаңалық аулында саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей салуды қолға алғандарын айтты. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 288 миллион теңге бөлінген. Жалпы аумағы 535 шаршы метрді құрайтын музей биыл пайдалануға берілмекші.

«Әділет» қоғамдық бірлестігіне осы ауылдан 17 гектар жер бөлінген. Жоспар бойынша саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей салынуы керек болатын. Бірақ, 20 жыл бойына бұл басталма жүзеге аспады. Амандық Батоловқа рахмет, боздақтардың рухына бас иетін киелі орынның құрылысын қолға алып жатыр», - деді бұл туралы республикалық «Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғарифолла Әнес.

Аза тұту шарасында Қуғын-сүргінге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы арнайы сөз алып, қазақ жерінде орын алған нәубеттердің тарихы мен маңызына тоқталса, Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров жоқтау өлеңін оқыды.

«Біз Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жазықсыз құрбан болған бабалардың рухына арнап, Жаңалық ауылында музей салуды ұйғарып, биыл құрылысын бастадық. Музейдің экспозициялық залында ұлт қайраткерлері туралы материалдар қойылып, осы жерде жерленген саяси қуғын-сүргін құрбандарының аты-жөндері тас тақтаға ойылып жазылады», - деп қорытты еске алу шарасын аймақ басшысы А. Баталов.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер