BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Ұлы даланың жеті қыры. Бұл Елбасы идеаларының заңды жалғасы - Әсел Назарбетова

Астана, BAQ.KZ. Бүгін Елбасының "Ұлы даланың жеті қыры" атты мақаласы жарық көрген болатын. Осы мақалаға орай ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ ақпараттық-талдау жұмысы бөлімінің басшысы Әсел Назарбетова өз пікірін білдірді.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы жарық көрді. Онда айтылған терең философиялық-дүниетанымдық ойлар Елбасының үнемі қоғам назарына бағыттап жүрген месседждерінің, мақалаларының, идеяларының жалғасы.

Тарихты тек адамзат қоғамының өткенін зерттейтін қоғамдық ғылым ретінде қарастырып, нақты фактілерге сүйене отырып, сол тұрғыда басқа халықтардың мүддесіне нұқсан келтірмей қалыптастырған жағдайда, біз өзіміздің өркениеттілігімізді әлемдік қауымдастыққа көрсете білеміз. Тарих ғылымының мақсаты – халыққа өткенін жеткізе отырып, рухани дүниесі мен құндылықтар жүйесін қалыптастыру екенін ескерсек, «тарихсыз ұлт жоқ» деген нақыл сөздің растығын түсінеміз. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасады, рухани жаңғыру үдерістері жетілдіріле түседі, келешекке дұрыс бағыт-бағдар алуға мүмкіндіктер пайда болады.

Елбасы мақаласында Ұлы даланың тарихи тұрғыдағы жеті қыры көрсетілген, олар – Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны. Осы аталған жеті қырымыз шын мәнінде қазіргі Қазақстан жерінде мекендеген біздің ата-бабабаларымыздың материалдық және рухани дүниелерді жасап, оны әлемдік тарих пен игіліктер қоржынына салғанын көрсету фактілері. Енді кезекте оларды дәріптеу, оған халықтың сенімі мен қызығушылығын ояту тарихқа жаңаша үңілуге үлкен түрткі болары сөзсіз.

Мысалы, Алатаудың баурайы алма ағашы мен қызғалдақ гүлінің «тарихы отаны» болғаны ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы жерден бүкіл әлемге таралған өсімдіктер бастау алған. Ұлы Жібек жолы арқылы Алатаудан Қазақстан территориясы арқылы Жерорта теңізіне, одан ары мұхит арқылы біздің қазіргі білетін алма ағашының атасы жер жүзіне таралды. Алма ағашына құрмет ретінде, оның елдімекен тарихындағы алар орнына байланысты тәуелсіздігіміздің бесігі болған Қазақстанның бұрынғы астанасы Алматы қаласының атауы қалыптасқан.

Осы сияқты жоғарыда аталған әрбір Ұлы даланың тарихи қырлары туралы нақты мысалдарды, фактілерді табуға болады. Дегенмен, бұл үрдісті әсіре мифтендіруден, жаңсақ пікірлерден, сол арқылы ел тарихын, ұлт тарихын негізсіз аса жоғары бағалаудан ада болғанымыз дұрыс.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер