BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.37 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

Таразда «ULYSтың» таныстырылымы өтті

Тараз, BAQ.KZ. Жамбыл облысы əкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында «ULYS» цифрлық журналының Бас редакторы Ержан Қалымбайұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.

Спикерлер «ULYS» цифрлық журналы туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

5-қыркүйек күні Алаштың ардақтысы, қазақтың тау тұлғасы — Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында «ULYS» атты Қазақстанның тұңғыш цифрлық журналының таныстырылымы өткен болатын. Бағыты — сараптамалық, танымдық. Заманауи, жоғары эстетикалық талғаммен жасалған жобаны iOS және аndroid жүйелеріндегі қосымша арқылы телефонға немесе Ipadтарға тегін жүктеп алып, оқуға болады.

Мультимедиялық журнал заман талабына сай цифрлық негізде жасалған. Бүгінгі оқырмандардың талғамына сай заманауи технологияға негізделіп жоғары эстетикалық тұрғыда көркем безендірілген. Көптеген тақырыптарға ұтымды спецэффектілер қолданылған. Мақалаларды тек оқып қана қоймай, тыңдауға һәм сұхбаттарды көруге де болады. Қазақстанның ақпараттық нарығын сапалы контентпен қамтамасыз етуге үлес қосатын жоба. Мұндағы сараптамалық, танымдық мақалалар сан саланы қамтиды. Геостратегия, геоэкономика, геосаясат, халықаралық қатынастар мен елдің ішкі-сыртқы саясаты, экономика, жаһанда болып жатқан тектоникалық өзгерістер мен тренд тақырыптар ұлттық мүдде тұрғысынан терең талданып қазақ оқырмандарына жеткізіледі.

"Орталық Азия мен Түркі әлеміне ерекше көңіл бөлінеді. Айына бір рет тек қазақ тілінде ғана шығатын журналдың бірінші бетіне өзіндік айтар ойы бар, жеті елдің тілін, жеті түрлі білім білетін жалынды жандар, әсіресе жастар шығады. Бір жағы ойлы, білімді һәм ақылды жастарды «сәнге» айналдыру. Сонымен қатар, журнал аясында қазақтілді жас сарапшылардың жаңа толқынын қалыптастыруға ықпал ету. «ULYS» сараптамалық, танымдық журналын Орталық Азия және Түркі әлемі сарапшыларының ақыл-ой алаңына айналдыру да мақсатта бар. Қырғызша мақаланы қырғызша, өзбекшені өзбекше беру арқылы бауырлас елдер арасындағы рухани интеграцияны күшейту де негізгі ойларымыздың бірі" - дейді журналдың Бас редакторы Ержан Қалымбайұлы.

Естеріңізде болса, бұған дейін журналдың таныстырылымы еліміздің өзге де қалаларында өткен болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер