USD 331.87 EUR 353.31 RUB 5.56
Астана:

РАНТ мүшелері «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағатымен кездесу өткізді

Астана қаласындағы «Әзірет Сұлтан» мешітінің жамағаты белгілі исламтанушы ғалымдармен жүздесіп, ғибратты уағыздан сусындап қайтты. Аталмыш кездесуге арнайы шақырылған РАТТ мүшелері – ҚМДБ Жалпы және жастар ісі бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Ұтысханұлы мен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасы басқармасының басшысы, теология ғылымдарының докторы Балғабек Мырзаев мешіт жамағатына теріс ағымдар мен олардан сақтану жолдары жайлы сөз қозғап, басқа да түйткілді тақырыптар бойынша ой толғады.

Теріс ағым сипаттары мен олардың жұмыс істеу тетіктері жайлы, түпкі мақсаттары мен бұрыс бағыттары жайлы кеңінен көсілген Балғабек Мырзаев насихаты мешіт жамағаты үшін құнды деректер болды. Сондай-ақ, теолог ғалым жұмыс барысында теріс ағымның шырмауына арбалып, қателескенін кеш түсінген азаматтармен өткізген кездесулерінен мысал келтіріп, олардың өзекжарды өкініштерінен хабардар етті.

Тақырыпты толықтыра түскен Алтынбек Ұтысханұлы мешіт жамағатына нағыз жиһадты бөтен елдегі бүлік-соғыстан емес, білім-ғылым саласынан іздеу керектігін тұшымды дәлелдерімен түсіндіріп берді. Құлшылыққа ден қойып, білімін білікті мешіт ұстаздарынан шыңдаған жастардың теріс ағымдардың шырмауына ілікпейтінін ьілге тиек еткен Алтынбек Ұтысханұлының уағызы діни сауаттылық үндеумен аяқталды.

Muslim.kz

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады