BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

«Мерейлі отбасы-2018» дипломанттарына автокөлік сыйлады

Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Мерейлі отбасы-2018» республикалық байқауының дипломанттарымен кездесті. Облыс басшысы оларға «Нива-Шевроле» автокөлігінің кілтін табыс етті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Шиелі ауданының Ишанқұловтар отбасы 62 жыл бірге өмір сүріп, 14 баланы дүниеге әкеліп, немере, шөберелерін тәрбиелеуде. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қызылордалық жеңімпаз отбасын құттықтады.

«Қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті шаңырақ ретінде бағалап, зор маңыз беріп, көзінің қарашығындай қорғаған. Отбасының ар-намысын сақтауға, ұрпақ өсіріп, тәрбиелеуге, өз ұрпағының елге адал қызмет етуіне аса мән берген. Осындай дәстүрлі құндылықтар қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде ерекше сақталуы заңдылық деп ойлаймыз. Отбасы алтын ұя, киелі шаңырақ болса, сол шаңырақтың мұрагері, ұрпақ жалғасы балалар болып табылады. Балаларының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп тәрбиелеп отырған Сыр елінің Сіздер сияқты өнегелі отбасыларына айтар алғысымыз шексіз»,-деді аймақ басшысы.

Шиелі ауданы, Еңбекші ауылының тұрғыны, отағасы Ерғали Ишанқұлов ерте жасынан мал шаруашылығымен айналысады, сүйікті кәсібін зейнеткерлікке шыққан соң да жалғастыруда. Жары «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгісінің иегері Бахира апамен 62 жыл бір шаңырақ астында өмір сүріп, 14 ұл-қызды дүниеге әкелген. Бүгінгі таңда 61 немере, 46 шөбере, 1 шөпшек сүйіп отырған бұл әулеттің өнегелі өмірі - елге үлгі. Ишанқұловтар жанұясының 8 ұлы мен 6 қызы ұрпақ өрбітіп, әр салада табысты еңбек етуде.

Мемлекет басышысының атынан облыс әкімі Ишанқұловтар отбасына «Нива –Шевроле» көлігінің кілтін табыстады.

Өз кезегінде, Ерғали аға Елбасы мен аймақ басшысына қолдау көрсеткендері үшін алғысын айтып, барлық қазақстандықтарға береке-бірлік тіледі.

Атап өтейік, «Мерейлі отбасы – 2018» байқауының ережесіне сәйкес ұлттық кезеңге қатысуға облыстан бас жүлде алған Бәйменовтер мен бірінші жүлделі Ишанқұловтар отбасы ұсынылды. Нәтижесінде Ишанқұловтар отбасы байқаудың дипломанты атанды.

Еске салайық, 2013 жылы Елбасы отбасылық құндылықтарды насихаттау мақсатында «Мерейлі отбасы» жалпыұлттық байқауын ұйымдастыру туралы шешім қабылдаған болатын. Қатысушылардың саны жыл сайын артып келеді, ал Президент байқаудың бесінші жылында Гран-при иелерімен (Тараздық Ниязовтар отбасы) қатар, Қызылордалық Ишанқұловтар отбасы мен әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннің отбасыларын да жеңімпаз деп таныды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер