BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Майдангер Мақсұт Сырғалиев: «Өмірдегі ең қуанышты күнім – соғыс аяқталған күн»

Фото: автор

Ресейлік «Жеңіс – барлығымызға біреу» медиа экспедиицясы Сыр еліне табан тіреді, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

17 сәуір күні Ресейдің Нижневартовск қаласынан бастау алған экспедиция жұмысын 9 мамыр күні қорытындыламақ. Ресейдің октугтік жастар парламентінің мүшелері 5 «ГАЗ-20» және «Победа» көліктерінен құралған кортежбен алдымен Ресейдің бірнеше қалаларын аралады. Одан әрі Қазақстан шекарасына өтіп, сәуірдің 20-сында Петропавл қаласында болды. Бұл сапар еліміздің өзге қалаларында жалғасын тауып, ондағы соғыс және тыл ардагерлерімен, олардың ұрпақтарымен кездесті. Кеше экспедиция мүшелері Сыр өңіріне де келді. Тағзым алаңына гүл шоқтарын қойып, майдангерлермен жүздесті.

Экспедиция жетекшісі Николай Заболотнев осы сапар арқылы Ұлы Жеңіс посткеңестік елдерге ортақ екенін білдіргісі келгенін айтты.

«Баршаңызды Жеңіс күнімен құттықтаймыз. Қазақстанның қалаларын араладық. Барлығы жылы шыраймен қарсы алып, құрмет көрсетті. Біз майдангерлердің ерлігін ешқашан ұмытпаймыз. Олардың жанқиярлық ерлігінің арқасында бейбір күн кешудеміз», - деді ол.

Басқосуға тоқсан төрт жастың төріне шыққан қызылордалық майдангер Мақсұт Сырғалиев та келіп, естеліктерімен бөлісті. Ол ес білген шағында ашаршылық нәубетін басынан кешірген екен.

«Әкем Нұрмахан балық аулайтын. Қармаққа балық та ілінбей қалатын кездер болады. Таршылық, жоқшылық жайлады жұртты. Әкем балықтың сүйегін тастатқызбайтын. Оны кептіріп, талқан қылып, жылы сумен былғап жегізетін. Осыны басқаларға да айтатын. «Балаларға беріңдер» дейтін. Күн сайын аштықтан қырылып, дәм-тұзы таусылып жатқандарды көзіммен көрдім. Осындай сұмдық 4-5 жылға созылды. Өзім де балық ауладым. Басқа салған бұл бейнетті ешкімге бермесін, ауыртпашылық қатты болды. Бұған қоса, 13 жасымда әкемнен қалдым. Бұған қоса, 1941 жылы соғыс оты өршіді. Бір ауданнан жауға қарсы күресуге кеткен қаншама азаматтар аттанып, олардың көбі оралмады. Олар елін қорғап, жойқын ұрыста жанқиярлықпен күресе білді», – дейді ардагер.

Мақсұт 1943 жылы Қызыл Армия қатарына қабылданып, соғысқа аттанады. Артынша, үш айдан кейін шешесі Биман қайтыс болғанын естиді. Ресейдің Чита қаласының 74 разъезіне келіп, «байланысшылар взводы» ротасында байланысшы мамандығын бір жыл оқиды. 1944 жылы Батыс Еуропаға соғысқа жіберіледі. Кейін Чита облысының Каштак елді мекеніндегі 36-армияның 34-атқыштар дивизиясына сержанттық мектепке қабылданып, арнайы дайындықтан өтеді.

Ұлы Отан соғысы біткеннен кейін 1945 жылы Жапонияның Манчжурия қаласының шекарасына жіберіліп, шайқастарға қатысады. Сондай-ақ Харвин, Хайлар қалаларын жаулардан азат етеді. Нәтижесінде жапондарды тізе бүктіріп, елге 1948 жылы аман-есен оралу бақыты бұйырды. Оның ерлігі еленіп, бірнеше медальдармен наградталды.

«Өмірдегі ең қуанышты сәтім есімнен кетпейді. 1945 жылы штаб басшысы, генерал-лейтенант Козлов бізге келіп, «Жеңіс күнi құтты болсын, соғыс аяқталды» дегенде қатты қуанғанымыз соншалық, ішейін деп тұрған таңғы асымызды тастап, шәпкімізді аспанға аттық. Түскі асқа да жауынгерлер бармады. Жеңістің құрметіне үш күн демалдық. Күзде бәрімізді жапон шекарасына жіберді. «Ажал жетпесе оқ жетпейді» деген рас екен. Жан-жақтан оқ жауып жатыр, бірақ еш жазым болғаным жоқ. Құдай сақтады. Соғыстың ауыртпалығын бойымыздан өткіздік. Хайларда жауды тықсырмақ болып, шабуылға көшкен едік. Бір уақытта қасымда бірге келе жатқан лейтенант Егошин оқ тиіп, аяғынан ауыр жарақат алды. Маған «мені тастап кетесің ғой, иә» деді жаны қинала тіл қатып. «Жоқ, жолдас лейтенант, сені тастамаймын, ол менің міндетім» деп, оны арқалап, бес-алты метрдей жерде жараланғандар мінгізілген арбаға апардым. Оны госпитальға әкетті. Лейтенантты көтеріп алғанда да зулаған оқтардан аман қалдым. Құдайдың құдіреті ғой, жанымды сақтады», – дейді қария.

Мақсұт Сырғалиевтің ерлігі еленіп, бірнеше медальдармен наградталды.

«Президент, әкімнен бастап соғыс ардагерлерінің жағдайын жасап жатыр. «Анау-мынау» еш ренжуге болмайды. Денсаулығымызды сұрап тұр, дәрілерімізді тегін әкеп береді. Тұрғын үйді де сыйлады. Құрметті де көрсетіп жатыр бізге. Кейінгі ұрпаққа дән ризамын. Оның үстіне, қазіргі бостандық күндері адамдар қандай жұмыс істеймін, қандай киім киемін, қандай тамақ ішемін десе де өз еркі. Бар мүмкіндік жасалған. Тек оқыса, еңбектенсе болғаны. Еліміз аман, баянды ғұмыр кешіп жатыр. Бүгінгі ұрпақ адами қасиетін жоғалтпаса, арақ ішпесе, темекі шекпесе, өсек-өтірік айтпаса, қиянат қылмаса, Құдай істерін оңғарады. Қазақ дейтін ел болдық. Әлемге танылдық. Бұдан артық не керек?!» – деді тәуелсіздіктің қадірін білетін ақсақал.

Айта кетейік, Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге облыстық және жергілікті бюджеттен 422,3 млн теңге қаражат бөлінген, оның ішінде: 37 Ұлы Отан Соғысы ардагеріне – 192400 теңгеден (80 АЕК); Ұлы Отан Соғысы жылдарында жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін КСР Одағының ордендері мен медальдарымен наградталған 82 адамға – 120250 теңгеден (50 АЕК); Ұлы Отан Соғысы жылдарында кемінде алты ай қызмет еткен 5382 адамға 72150 теңге (30 АЕК) мөлшерінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер