USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Күршімде «Аға буын өкілдерінің аудандық I форумы» өтті

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданында «Ұлт құндылығының қазынасы аға буын өкілдері-Мәңгілік елдің мызғымастығының кепілі» атты Күршім ауданы «Аға буын өкілдерінің аудандық I форумы» болып өтті. Шараны «Күршім аудандық мешітімен» аудан әкімдігі бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Baq.kz.

Шығыс Қазақстан облыстық «Халифа Алтай» мешітінің баспасөз қызметінің мәліметінше, форумға ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имам Ермек қажы Тасболатұлы бастаған имамдар және Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев қатарлы аудан басшылары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты.

Ауданда алғаш рет ұйымдастырылған атаулы шараға Күршім, Марқакөл өңіріне сыйлы, елге беделді, діндар, қайраткер ақсақалдар мен ажаулықты аналар жалпы саны 200-ден астам аға буын өкілдері жиналды.

Сонымен қатар көршілес Зырян, Қатонқарағай, Көкпекті, Зайсан аудандарының бас имамдары мен аға буын өкілдері келді.

Форум мемлекетіміздің әнұранымен басталып, аудан әкімі С.Чукаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

Бұдан соң ҚМДБ Өскемен аймағының өкіл имам Ермек қажы Тасболатұлы «Зайырлы қоғамдағы ақсақалдар институтының рөлі» жайлы баяндама жасады. Ол өз сөзінде ұлтымыздың исламмен астасқан тамаша салт-санасын сақтай отырып, ақсақалды аталар мен ақжаулықты аналарымызды құрметтеп, жастарды жат ағымдардан сақтандыру керектігін айта келе, елімізде алғаш рет Өскемен аймағы өкілдігінің бастамасымен ұйымдастырылған осы форумның маңыздылығы жайлы терең талдап берді.

Сонымен қатар басқосуда «Күршім ауданы мешітінің» бас имамы Тілейбек Соянұлы аға буын өкілдерін құрметтеу, және салт-cананы сақтап, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы олардың рөлі жайлы баяндама жасады.

«Өскемен қаласында облыста тұңғыш рет өткізілген Ақсақалдар форумының жалғасы ретінде осы шараны ұйымдастырып отырмыз. Бұл форум Діни басқармадан жарияланған «Дін және тарих тағылымы жылы» аясында атқарылған кең ауқымды істеріміздің бірі» деп атап өтті Күршім ауданының бас имамы Тілейбек Соянұлы.

Алқалы басқосуда аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Б.Ақтекенов, Күршім ауданының «Құрметті азаматы» Ә.Тұрсынханұлы қатарлы қарттар сөз сөйлеп, бүгінгі таңда осындай басқосудың аса маңызды, халыққа қажеттілігін айтып, сындарлы ұсыныстарын ортаға салды.

Форумға қатысушылар бірауыздан Үндеу қабылдады.

Осынау игі шара аясында Күршім ауданының басшылығы асыл дінімізді ұлықтап, халқымызға ғибратты тәрбие беріп келе жатқан имамдарды және ақсақалды қарттарды марапаттап, құрмет көрсетті.

Форум жұмысы сәтті аяқталды.

Ұқсас сілтемелер:
28 Қараша 2016, 10:55
Әлемдегі ең әдемі мешіт
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады