BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 371.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.32 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Композитор: «Ренжімеші» әні – туындыларымның ішіндегі шоқтығы биігі Эксклюзив

Фото: Автор

Ақылбек Жеменей айтатын «Жан досым», Тамара Асар орындап жүрген «Ренжімеші» әндерін көпшілік сүйіп тыңдайды. Ал құлақта жатталып қалған бұл әндердің авторы Сыр өңірінде тұратын қарапайым техникалық жұмысшы екенін білесіз бе? Есімі – Серік Төлеуов. Оның кәсіби музыкалық білімі жоқ, бірақ тума талант. Жүрегінен жарып шыққан сырлы сазға еліміздің жұлдыздары тәнті болуда. Осы орайда әуесқой композитормен кездесіп, әңгіме өрбіткен едік. Соны назарларыңызға ұсынамыз.

– Сәке, қазір не жұмыс істейсіз?

– Әйтеке би кентіндегі Қорқыт ата атындағы Қазалы аудандық балалар музыка мектебінің шаруашылық ісі жөніндегі меңгерушімін. Бұған дейін техникалық жұмысшы болғанмын. Оның алдында Локомотив вагон жөндеу депосында электрик болғанмын.

– Бойыңыздағы ән шығару қабілетіңізді қай кезде байқадыңыз?

– Біздің түбіт мұрт бозбала болған шағымыз, өзіңіз білесіз, әлемдік эстрада жанрының дамуы мен біздің елімізде өзінше сипат алу кезеңіне тұспа-тұс келді. Гитараға әуесқойлығым жанданып, бірте-бірте өз жанымнан шығармалар шығаруға ұмтылдырды. Жалпы, отбасым, туған-туыстарымның бұрын-соңды ән жазумен әуестенгені болмапты. Қазақтың «әу» демейтіні жоқ қой. Әкем Төлеу Айтжанов домбыра шертсе, халық әндерін, халық композиторларының әндерін анам Жанзира Айтжанова қоңыр даусына салып, төгілдіретін. Мұны көріп өскен біздің музыкаға жақын болуымыз кездейсоқтық деп айта алмаймын.

– Алғашқы әніңіз қалай аталатын еді?

– Ол 1982 жылы 10-сынып оқып жүргенде жазған, қазір көпшілікке таныс «Жан досым» әні еді. Мәтіні де, әні де – өзімдікі. Бастапқыда авторы кім екенін айтпай, кешкіліктерде, көшеде бас қосылғанда айтып жүрген болатынмын. Достарым бір-бірінен қалмай, тез-ақ жаттап, таралып үлгерді. Бұл әнді көпшілік көше әні деп ойлады. Көп ұзамай «Мұңаймайық», «Ренжімеші» әндері туындады.

– «Көпшілік көше әні деп ойлады» дедіңіз. Сіздің көп әндеріңіз елімізге осылай танылды. Танымал эстрада әншісі Тамара Асар орындап жүрген «Ренжімеші» әнінің авторы алғаш авторсыз ән, соңынан өзге бір азаматтың атымен аталып жүрді. Бұл «дау» қалай шешімін тапты?

– «Ренжімеші» деген әнімді Тамара Асардың авторы «бейесім» деген атпен орындағанын естідім. 2005 жылы бірінші клипі түсіріліп, әні мен сөзі басқа адамның атымен шықты. Сол кезде республикалық «Жас Алаш» газетінің «Ырғақ» деген қосымшасына «Тамара Асарға іздеу саламын» деген мақала жарияладым. Онда ән мәтіні өзгергендігі, оның түпнұсқасын өзім ғана білетінім айтылды. Көп ұзамай әнші телефонымды тауып, хабарласты. Ол «Ренжімешіні» алғаш рет бір жігіттің орындауында естіп, ұнатқанын айтты. Өз репертуарына қосып, тұңғыш клипін де осы әнге түсіретін кезде авторын іздеп таба алмапты. Шығармашылық топтағы Алтай Оралхан деген азамат клип шыққанша авторын тауып береміз деп сөз беріпті. Көп ұзамай ол Уәлихан Жаңабаев деген азамат екенін айтып, клипте авторы сол кісі деп көрсетілген. Үш айдан кейін клиптегі титр өзгертіліп, сөзі мен әні Серік Төлеуов деп жарияланды.

– Ақын Қатира Жәленова: «Жылайды жапырақ» әні мені өмірге қайта оралдырды» деген болатын. Білетіндердің айтуынша, «Ренжімеші» әні Сіздің өміріңізге көп өзгеріс әкелген екен. Сол туралы айтып берсеңіз.

– Рас айтасыз, Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегені сияқты, әрбір әнім өзіме ыстық болса да, «Ренжімеші» – шығармаларымның ішіндегі шоқтығы биігі. Қайта өнерге әкелген ақжолтай, мені одан әрі дамуға, жетілуге жетелеген, өміріме өзінше өңімен ұмтылдырған туындым. 1987 жылдан кейін ән жазбай кеттім. Одан кейін менің шығармашылық өрлеу кезеңім басталды. «Болат Кенжәлиевтің сөзіне жазылған «Қоңыр күз», сөзі мен әнін өзім шығарған «Арманда, жүрек, арманда», «Бақытым – бағым» секілді жаңа әндерім жазылып, жарық көрді.

– Сіздің өзге композиторлардан тағы бір ерекшелігіңіз – бір әніңізге бірнеше клиптің түсірілуі дер едім. Мұның сыры әндеріңіздің жалпыхалықтық сипат алуында жатыр ма?

– Ол менің бағым деп ойлаймын. Тамара Асар «Ренжімешіге» 2005 жылы бірінші, 2016 жылы екінші рет клип түсірді. Үшінші клипті «Жаужүрек мың бала» фильміндегі басты рөлді сомдаған Аян Өтепбергенов шығарды. Соңғы кездері ковер нұсқасын Абай Адырбаев деген жігіт орындап жүр. «Жан досым» әніне «Болашақ» тобының клипі бар.

– Сіздің әндеріңізді қазақ эстрадасының танымал өкілдерінің орындауында не себеп бар? Қандай орындаушылармен тығыз байланыстасыз?

– Тамарадан өзге «Жан досымды» Ақылбек Жеменей, Сырым Исабаев, «Болашақ» тобы», Индира Расылхан, Жанболат Ұзақбай деген әншілер айтып жүр. Кейінгі шыққан шығармаларымды жерлесіміз, талантты жас Қалдыбек Талқанбаев елімізге насихаттауда. Аудандағы өнерпаздардың көбі әндерімді шырқайды. Конкурстарға қатысып жүр.

– Конкурс туралы айтып қалдыңыз... Конкурсқа арналған шығармаларды тапсырыспен жазасыз ба? Орындаушыларға қоятын талабыңыз қандай?

– Бұл сұрағыңызда бірнеше мәселеге бет бұрып отырсыз. Конкурсқа арнап жазған өлеңдерім жоқ. Бірақ ел білетін лирикалық әндерден өзге патриоттық әндерім де бар. Солардың бірі «Тәуелсіз елім» әнін Айнұр Опабекова деген әріптесіміз орындап, ұстаз-сазгерлер арасындағы облыстық конкурста бас жүлдені иемденсе, «Елім-ай» атты облыстық конкурста үшінші орынға ие болды.

Ән – халық қазынасы. Десек те оны кім әрқалай қалағанынша өзгертуге қақылы деген сөз емес. Жоғарыда айтқан әншілердің бәрі дерлік өлеңнің түпнұсқасын біршама өзгерткен. Кейбіріне сүйсінесің, кейбір тұсына «әттеген-ай» дейтінім бар. Мысалы «Жан досым» әніндегі:

«Ашық аспан, айдың жүзі жымыңдайды,

Самал желмен ақ қайыңдар қимылдайды.

Сені күтіп тұрмын мен, сен әлі жоқсың,

Сен де бір күн келерсің менің жан досым» деп айтылып жүрген шумақтағы «бір күн» алғашқы нұсқасында «мүмкін» делінген болатын.

Ал осы өлеңнің қайырмасындағы «Анасынан адасқан» деген жолдар «анасынан айырылған» делінсе, «Сені күтіп тұрмын мен елеңдеумен» деген жол «Сені күтіп тұрмын мен, сен әлі жоқсың» деп өзгеріске енген. Бұл қазіргідей гаджет, әлеуметтік желі дамымаған тұс – біз жігіт болған шақтағы көріністен туған шынайы сезім ғой.

– Соңғы кезде шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар?

– Жерлес ақындармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмын. Мәселен, ақын Алмагүл Қаржаубаева сөзін жазған «Түнгі сыр», «Түн және мен», Батырхан Нұрымбетов сөз жазған «Сезімнен сол бір», Ұлан Қалиевтің «Ғажайып түс», өзіңіздің «Қызыма» өлеңдеріңізге ән жаздым. Жақында «Қоштасу» атты лирикалық, сырлы сезімге толы тағы бір ән жазылды. Сөзі – Жұмабек Табынбаевтікі. Жалпы, мен тапсырыспен ән жазатындар қатарына жатпаймын. Маған дайын мәтін ұсынатындар көп. Олардың ішіндегі жаныма ұнаған жырлар ғана жүректі ән болып қозайды. Өзімді санға емес, сапаға жұмыс істейтіндер қатарына жатқызамын.

– Жеке ән жинақ немесе шығармашылық кеш өткізу ойыңызда бар ма?

– Ол туралы әлі ойланбаппын. Уақыты келсе, өте жатар. Әзірге менің міндетім – қазақ ән өнеріне тамшыдай болса да үлесімді қосу.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет!

«Назды әрі сазды әндерді шығарады»

Тамара Асар, әнші:

– Мен «Ренжімеші» әнін орындап жүргеніме жиырма жыл болды. Студенттік шақта жатақханада айтатынбыз. Мұны «көше әні» деп ойладық. Кейін атворын іздедік, таба алмадық. Бір күні Серік Төлеуов есімді азаматтың «Жас алаш» газетіне жазған мақаласын оқыдық. Өзім хабарластым. Сөйтсем, қарапайым ауылдың азаматы екен. Бұл кезде «Ренжімешінің» сөзін аз-маз өзгерткен болатынбыз. «Әннің авторымын» деген соң дәлел сұраған жоқпын, авторлық қоғамға барып бекіттік. Одан кейін «Бұл әнді мен шығарған едім» деп суырылып шыққан ешкім болмады. Бір-екі отырыста Сәкеңнің әні екеніне күмәнданғандарды кезіктірдім, бірақ оған мән бермедім. Серік ағамен телефон арқылы да сөйлестік. Қызылордаға сапармен барғанда да көрдім. Өте қарапайым адам. Өте назды, сазды әндерді шығаратын әуесқой композитор. Болашақта жақсы әндер шығарып жатса, тағы орындағым келеді. Әсем әуен бізге де, халыққа да рухани қорек болары сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер