BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 368.28 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 419.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.59
Астана:

Кәлетаев: Еліміздегі ҮЕҰ-лар ақпаратты Дерекқорға ұсынуға дайын емес

Бүгін ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев жұмыс сапармен Атырау облысына барды. Сапар аясында министр Атырау облысы Ішкі саясат басқармасына қарасты Азаматтық орталықтың жұмысымен танысып, өңірде жұмыс жасайтын ҮЕҰ өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Дархан Кәлетаев қоғамдық ұйым басшыларымен кездесуде еліміздегі ҮЕҰ-лардың жұмысын жетілдіру және белсенді жүргізу, оларға қажетті қолдау білдіру мәселесін көтерді.

Оның айтуынша, Қазақстанда кəсіби үкіметтік емес секторды қалыптастырудағы бірден-бір бастама – үкіметтік емес ұйымдардың Дерекқор базасын толтықтыру және есептілік болмақ.

«Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасының «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңына үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметі туралы уәкілетті органға міндетті есеп беруі жөнінде ережелер енгізілді. Бұл талаптар әлемдік тәжірибеден алынып отыр. Дерекқор - бұл қазақстандық үкіметтік емес ұйымдардың танымдылық карточкасы. Ол қоғамдық ұйымдарға серіктестер мен донорларды табуға көмектесіп, өз мүмкіндіктері жөніндегі ақпаратты жұртшылыққа жариялауға мүмкіндік береді. Дерекқор базасы негізінде Қазақстанның үкіметтік емес ұйымдары секторы өзінің ерекше статистикалық базасы бар дербес сала ретінде қалыптасуда. Бұл жұмыста қиындықтар да бар, барлық ұйым ақпаратты Дерекқорға ұсынуға дайын емес. Дерекқор базасының іске қосылғанына үш жыл уақыт өтсе де, Қазақстанда тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың бір бөлігінің ғана ақпараты көрсетілген. Заңға сәйкес, мемлекеттік органдар бірінші жылы сот арқылы мәлімет бермеген ұйымды ескертуге міндетті. Ал екі жылдан кейін сот айыппұл тағайындау туралы шешімдер қабылдай алады», - деді министр.

Министр облыс әкімдігіне қалған ұйымдар бойынша жұмыс жүргізуі тиістігін және заңнаманың осы маңызды нормаларын іске асыру үшін барлық күш-жігерді жұмылдыру қажеттігін мәлімдеді.

«Дерекқор базасымен жұмыс жасауда Сіздердің облыста да қиындықтар бар. Бүгінгі таңда облыста 442 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Соның ішінде Дерекқор базасына тек 300-ге жуық ұйым мәліметтер ұсынған», - деді Дархан Кәлетаев.

Сондай-ақ, Дін істері және азаматтық қоғам министрі қоғамдық кеңестердің қызметін жетілдіру мәселесін көтеріп, бұл бағытта заңнамаға түзетулер енгізу туралы Тұжырымдаманың жобасы әзірленгенін хабарлады. Онда Қоғамдық кеңес қызметін қаржыландыру, сайлау рәсімдерінің ашықтығы мен қоғамдық кеңестердің шешімдерін орындау тәртібі сияқты ең өзекті мәселелер ескерілген.

Атырау облысына жұмыс сапары барысында Дархан Кәлетаевтің облыстық Дін істері басқармасының Ақпараттық-талдау орталығына баруы және өңірдің имамдарымен кездесуі жоспарланған.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер