USD 334.31 EUR 355.17 RUB 5.31
Астана:

Елордада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіш ашылды

Фото: Нұрбек ӘЛМАНБЕТ

Бүгін Астана қаласында Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Биіктігі 11 метр тұратын алып монумент Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан.

Ескерткіш авторы – «Қазақ Елі» монументін жасауға қатысқан белгілі мүсінші Асқар Нартов. Жоба бойынша, мүсіндік композицияның биіктігі 6 метр, ал гранит тұғырдың биіктігі 4,5 метр.

Салтанатты шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қала тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтады.

– Бүгін қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін мәңгілік ету үшін осы монументті ашып отырмыз. Оның есімі өскелең ұрпақтың жадында ерліктің символы ретінде сақталуы керек. Сол себепті Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында елордада аты аңызға айналған нағыз жауынгерге арнап ескерткіш орнатылды, - деді Ермек Аманшаев.

Салтанатты шараға Рақымжан Қошқарбаевтың қызы Әлия, аты аңызға айналған кеңес жауынгерінің немерелері, сондай-ақ, лейтенат Қошқарбаев туралы кітаптың авторы Қасым Аппасұлы қатарлы кісілермен өзге де зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен журналистер қатысты.

Сонымен қатар, ескерткіштің ашылуына келген қала тұрғындары мен қонақтар қазақ жауынгерінің мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Монументті орнатуға Елорда әкімдігі бастамашы болып, ескерткішті дайындап, орнатуға «BI-Group» компаниясы демеушілік жасаған.

Рейхстагтың үстіне жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келді. Ол ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Өзінің өмірі және ФЗУ туралы Қошқарбаев өзі жазған "Штурм" деген кітабында жан-жақты баяндады. Оның балалық шағы жетімдікпен өтті.

Ол ғаламдық екінші соғыс басталған соң-ақ, елін жау қолынан азат етуге бел буады. Ол осы ізгі мақсатпен 1942 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Осы жерде Рақымжан алыстағы арманы болған күтпеген жағдайға тап болады: жігерлі жас жігітті баяғыда НКВД құрсауына түскен әкесі іздеп тауып, әке мен бала Фрунзеде сағынысып жолығысады. Ардақты әке осылайша сүйікті ұлының сапар жолына ақ батасын береді.

Алғашында-ақ, атқыштар дивизиясына түскен Р.Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданында взвод басқарады, Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасады. Ержүрек жас жауынгер сүйікті елін жау қолынан босатуға жан аямай соғысады.

1945 жылдың 30 сәуiрiнде, Рахымжан Қошқарбаев шайқасқан 150-шi атқыштар дивизиясы Рейхстагқа шабуыл жасайды. Жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рахымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер Григорий Булатов, фашистер тiрегiнiң кеңсесiне бәрiнен бұрын жетiп, жеңiс туын Рейхстагтың бiрiншi қабатына тiгедi.

Бұл ерлікті жасаған кезде ол не бары 21 жаста ғана болған.

Осы ерлiгi үшiн 150-шi дивизия басшылығы қазақ жауынгерiне Кеңес Одағының батыры атағын беру туралы ұсыныс жолдайды. Алайда, сол кездегi КСРО басшылары әдiлетсiз шешiм қабылдап, Қошқарбаевқа ең жоғарғы награданың орнына «Қызыл Ту» орденiн береді. Арада жарты ғасыр өткен соң, ресми Мәскеу тарихи қателiктi түзетiп, қазақ батырының ерлiгiн мойындауға мәжбүр болады. Тарихи деректерге сәйкес, сол күнi Рейхстагтың төбесiнде 40 жалау желбiреген екен. Алайда олардың тек тоғызы ғана жеңiс туы, қалғандары шабуылға қатысқан әскери бөлiмшелердiң байрақтары көрiнедi.

Қазақ батырының нағыз жеңiс туын бәрiнен бұрын тiккенi бүгінде әбден дәлелденді.

Берлиндегі Рейхстагқа ту тігіп, қазақтың нағыз батыр ұлт екендігін дәлелдеген қайсар азамат Рақымжан Қошқарбаевқа 1999 жылы тәуелсіз еліміздің «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Р.Қошқарбаев 1988 жылы 10 тамызда Алматыда қайтыс болды.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер0

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады