USD 335.71 EUR 357.36 RUB 5.23
Астана:

Елбасы кітапханасында 7 көрме ашылды

Фото: el.kz

Елбасы кітапханасында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы және ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова 7 көрменің тұсауын кесті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Салтанатты шараға ҚР Президенті кеңсесінің бастығы, ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы кітапханасы директорының міндетін атқарушы Махмұт Қасымбеков, көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

Маңызды жиында Гүлшара Әбдіқалықова көрменің маңыздылығына тоқталды.

«Бүгін 7 көрме өз жұмысын бастағалы отыр. Көрмеде елімізді күшейту жолында жасалған маңызды шешімдерді көрсететін мемлекеттік маңызы бар архивтік құжаттар, фильмдер, суреттер, картиналар, тарихи деректер қойылған. Сондықтан бүгінгі шараның тарихи және мәдени маңызы зор.

Тәуелсіздік жолының ширек ғасырлық белесінде еліміз әлемдік қауымдастықта экономикасы дамыған, қазіргі заманғы, өркениетті мемлекет ретінде қалыптасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген қазақстандық жолды, бірлік пен тұрақтылықтың айшықты үлгісін төрткүл дүние мойындады. Көпэтносты халқымыздың бірлігі мен ынтымағының арқасында Қазақстанның тәуелсіздік тұғыры бекіді», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы.

Осылайша, Елбасы кітапханасында мейрам күндеріне арналған 7 көрменің тұсауы кесілді.

«Елбасы жолы» көрмесіне 50-ден астам бірегей мұрағат құжаттары ұсынылды. Олар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл бастамаларынан және тәуелсіз еліміздің даму тарихынан сыр шертеді.Ал «Тәуелсіз Қазақстан – тұғырлы ел» көрмесі ширек ғасырда мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуы мен әлем таныған мемлекет ретінде қалыптасу кезеңдерінен сыр шертеді.

Көрмеде 50-ге жуық бірегей фотоқұжат қойылған.

«Әлем қадірлеген Елбасы» көрмесінде көпшіліктің назарына ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген шет мемлекеттердің жоғары наградалары ұсынылған. Топтамада Ұлыбритания, Жапония, Ресей, Ватикан, Франция, Қытай және басқа да елдерден берілген 41 награда қойылған.

Сондай-ақ, Елбасы кітапханысына келген меймандар аса құнды және бірегей 550 жинақпен танысты. Жалпы «Н.Ә. Назарбаев – тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» көрмесі 280 кітаптан тұрады. Мазмұнды топтамада 4 бөлім бар: «Елбасы және Тәуелсіздік», «Ел және Елбасы», «Әлемдік тұлға», «Елбасы еңбектері әлем тілдерінде».

«Елбасына естелікке қолтаңба» кітап көрмесінде 160 кітап топтастырылған. Құнды тарихи маңызы бар жинақтарды Елбасыға таяу және алыс шетел мемлекеттерінің басшылары, танымал қоғам қайраткерлері сыйға тартқан.

Ал «Егемен елдің тәуелсіздік шежіресі» атты кітап көрмесіне еліміздің өткенінен және бүгінінен сыр шертетін 110 туынды қойылыпты.

Сонымен қатар «Ұлы дала елі» көрмесінде ҚР Суретшілер одағының мүшесі Нұржан Қарымсақовтың төл туындылары көрерменнің назарына ұсынылған. Онда мемлекетіміздің ширек ғасырдағы табыстары мен жетістіктерін қылқаламмен бейнелеген суретшінің 36 картинасы қойылды.

Айта кетейік, Елбасы кітапханасындағы мерекелік шаралар 23 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер1
Ляйла
Жастардың кітапқа деген құлшынысын осындай тың дүниелер арқылы ашу керек. Өте дұрыс бастама

Сіздің пікіріңіздің модерациядан кейін жарияланады