BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 346.68 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 404.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.47
Астана:

Діни бірлестіктер жылдық табысын жария етпек

Дін туралы заң жобасы халық арасында кең талқыланып жатқаны мәлім. Әсіресе, діни бірлестіктердің табысы жария болуы шарт дейтін бап көпшілікті қызықтырып отыр. Пікір сан алуан. Жаңа құжаттың талабы бойынша енді елдегі мұсылман-христиан, қысқасы барлық діни бірлестік жылына қанша қаржы табатынын, қайда жұмсайтынын тәптіштеп жазып, есеп беріп отырады. Елдің алдында. Яғни арнайы сайтқа жариялауы тиіс. Неге? Бұл жаңашылдық не себепті енгізіліп отыр? Көргеніміз бен түйген ойымыз, төмендегідей болып шықты.

Шіркеу артында кім тұр?

Кім тұрғанын тексергің келсе, қаржы кімнен құйылып жатқанын анықта. Бұл – бүкіл әлем елдері жүгінетін үрдіс. Мешіт яки шіркеуге кім, қанша қаржы құйды? Не себепті ақша аударып отыр, мұны білу – мемлекетіміз үшін маңызды. Жасырын емес, біздегі протестанттық-католиктік шіркеулерге негізінен шетелдіктер алапат қаржы құяды. Мақсат – христиан жамағатының үлесін көбейту. Дұрыс, бұл кез-келген діннің ұстаным-позициясы. Алайда, бұл ақша жұртты дінге шақырудағы алдап-арбаушы функцияға ие болмауы керек. Сондай-ақ, әлгі қаржы – жасырын топтарды қамтуға жұмсалмауы да шарт. Мұны қадағалаудың бір-ақ жолы – діни бірлестіктердің қаржы жүйесін ашық, мөлдір ету. Заңға сол себепті өзгеріс еніп отыр. Сақтансаң сақтаймын деген.

Сондай-ақ, кейбір дін адамдары діни қызметін – көп табыс әкелетін бизнес түріне айналдырып жіберген. Жамағаттың садақасын жақсылыққа, қайырымдылыққа жұмсау орнына, өзінің байлығын молайтуға жұмсап жатқандар да баршылық. Естеріңізде болса, «Жаңа өмір» шіркеуінің басшылығы – келушілердің қайырым-садақасын шабаданына салып, шетел аспақшы болғанда ұсталған еді. Одан қалды, өз келушілерінің үйін шіркеу атына аудартып, бизнесін тартып алғанда жағдайлар көп ұшырасады. Нақты айтсақ, соңғы 3 жылда мұндай 150 дерек тіркелген. Бұл – дабыл қағатындай-ақ жағдай. Міне, осындай олқылықтарды түзеу үшін жаңа заңға арнайы бап, шарт енгізіліп отыр. Діни бірлестіктердің қаржы операциясын айқын ету арқылы, алаяқтық, жат ағымдарға болысу дейтін әрекеттерге тоқтам жасау, оңай!

Мешіттерге төлем аппараттары қойылмақ

Діни ұйымдардың қаржысы ашық болуы қажет деген шарт мұсылманның құлшылық үйі – мешіттерге де тікелей қатысты. Соңғы уақытта, халық берген пітір-садақамыз қайда жұмсалады деген сұрақты көп қоятын болды. Ол, ол ма?

Жақында, Арман Шораев – «ең бір қарапайым есептегеннің өзінде мешіттеріміздің жылдық айналымы 70 миллион доллардан кем емес. Халық саны аз біздің ел үшін бұл қыруар қаржы. Діни басқарманың барлық шығыны бұл соманың үштен бірін де құрамайды», - деп деректер айтып еді.

Рас па, әлде қаңқу сөз бе, біле алмадық. Себебі, ҚМДБ өкілдерінің қолында әр мешіт айына, жылына қанша пайда табатыны туралы нақты ақпарат болмай шықты. Ал діни заңды түзушілер мәселені шешудің бір жолы ретінде – Діни басқармаға қарасты барлық құлшылық үйіне төлем аппаратын орнату қажет деп отыр. Яғни кіріс көздерін онлайн бақылауға алмақ. Аппараттың пайдасы – келушілердің берген садақасы молда-имамның қалтасында кетпейді. Арнайы қорға түседі. Әрі фискалды чек беріледі. Мұнан бөлек, әр жұмада мешіт имамы жұма-намазда жамағатқа бір аптада қанша сома жиналғанын хабарлап, ұжыммен бірге оның қайда жұмасалатыны туралы шешім қабылдайды.

Мешіт пітір-садақадан қанша қаржы табады?

70 миллион доллар дегеннен шығады ғой. Мешіттеріміз пітір-садақадан қанша қаржы табады? Осы сұрақты Алматы қаласының орталық мешіт қызметкерлерінен сұрағанбыз.

Мынадай дерек алдық: – Рамазан айында жиналатын садақа мөлшері 15-20 млн теңгені құрайды. Ал жылына, жалпы табыс - 75 миллион теңгеге барады. Бірақ, бұл Алматының қақ ортасындағы мешіттің табатыны. Ал, ауылдағы құлшылық үйлерінің садақа қазанын төңкерсең, тиын түспеуі бек мүмкін. Себебі, бізде садақа мәдениеті әлі қалыптаса қойған жоқ.

Орталық мешіт әлгі 75 миллион теңгені өзінде қалдырмайды. Қаладағы, ауылдағы имам-молдаларға айлық ретінде таратады. Мұнан бөлек, дін қызметкерлері деген атқа сай қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып тұру – имам-молдаларға уәжіп. Мысалға, Алматылық молдалар биыл көп балалы 4 отбасыға үй салып беріп, табиғи апат болған 12 елдімекенге қайырымдылық керуендерін жіберді. Діндарлардың айтуынша, мұнан бөлек, елдегі барлық мешітке күніне 10-15 адам көмек сұрап келеді. Ал, рамазан айында мұқтаж кісілердің саны тіпті көбейеді. Ашқан алақанын бос қайтару – ұят. Мешіт қызметкерлері шамасы жеткенінше көмектерін беріп жатыр. Тағф мешіттің су, жарығы, қыстың күні жылуын қоссаңыз, садақадан түсетін ақша мардымсыз болып қалады.

Мешіттерге терминал орнату өте пайдалы шешім болар еді. Ең әуелі – садақадан сұмдық пайда табады деген, негізсіз айыптауларға тоқтам болады. Сондай-ақ, төлем аппараттарына түскен пайда мен шығындарымызды арнайы сайттан көрсе, жұрттың өзі жағдайымызды түсінеді, - деп отыр Діни басқарма қызметкерлері.

Нұрбек БЕКБАУ

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер