BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 367.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 416.17 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.56
Астана:

Әулие кесенесіндегі әсерлі кездесу

Қалбатаудан аттанған автоэкспедиция Байбура асуынан асып, Көкпектінің көрікті жерлерін басып өтіп, көз ұшында бұлдыраған Толағай тауын бөктерлеп, Тарбағатайдың жерге түскен тақиясыдай Бөрітостағанға көз салып, әйгілі әулие Ырғызбай Досханаұлының кесенесіне жетті.

Қалбатау-Ақсуат күрежолының бойындағы Ырғызбай әулиенің кесенесіне бұрылатын жолайырықтағы белгі бойынша кесенеге жол тарттық.

Осы жерде көңілге кірбің ұялатқаны - әулие кесенесінде келген жанға құран бағыштап, кесенені көзінің қарашығындай сақтап отырған азаматтың телефонын белгі тасқа бадырайтып тұрып жазып қойғандығы болды. Суреттегі номерді сәл ықшамды етіп, қосымша бір жерге жазуға болатын еді. Кейбір қалжыңбастар мына номерді «Ырғызбай әулиеге тіке шығатын номер екен» десіп қалжыңдап жатқанын құлағымыз шалып қалды.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді атамыз қазақ. Әруақ силап өскен халық емеспіз бе, Орталық сараптама кеңесінің мүшелері мен ЕҰУ ғалымдары және жастары Жармадан кейін Ақсуат ауданындағы жаңадан салынған «Ырғызбай әулие» кешеніне атбасын бұрып, әуелі құран бағыштады. Берілген астан дәм татты. Содан кейін «Ырғызбай әулие кітабының» тұсаукесер рәсіміне қатысты.

Елбасының «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» мақаласы аясында Шәкәрім университеті көптеген игілікті шаралар мен ізгі жаңалықтарға бастамашы болып келеді. Соның бірі унивесритет ректоры Мейір Ғариполлаұлының жетекшілігімен жарық көрген «Ырғызбай әулие кітабы».

Жасыратыны жоқ, «Ырғызбай әулие кітабының» тұсаукесер рәсімі ерекше есте қалды. Кітап қазақтың әулиесі, көріпкелі әрі дана абызы Ырғызбай Досқанаұлының өмірі мен бойындағы тылсым қасиеттері туралы білгісі келетін көпшілік қауымға арналған.

Кітапта Ырғызбай Досханаұлының ғұмыры мен заманы туралы тарихи деректер қалыптасқан канондық зерттеулерден өзгеше, яғни жаңаша сипатта берілген. Әулие заманы туралы сараланған түйінді ой-тұжырымдар тың, әрі қызықты және тиянақты дәлелдеушілерімен тартымды. Кешенді тамашалаған студент-жастар мен зиялы қауым Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры, кітаптың бас редакторы Мейір Ескендіров пен туындыға ғылыми кеңесшілік еткен ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов және еңбектің философиялық авторы Ғарифолла Есім, идея авторы Бәделхан Камалханұлының жаңа кітап туралы жанды әңгімесін тыңдады.

Экспедиция мүшелері әуленің зиратына құран бағыштап, сол жердегі музейді аралап көрді. Кешке Ырғызбай Досханаұлыны Ақсуат халқының атынан ас беріліп, қатым түсірілді. Күні бойы талмай жүрген жүріске қарамастан, экспедиция дала жолымен әулиенің басынан 110 шақырым жердегі Ақсуат ауылына бет алды.

P.S. Төңірегін түн көмкерген сайын даланың бір түкпірінде бізді күтіп алып Тарбағатайдың алақаны іспетті аядай ғана Ақсуат ауылы жатыр. Біз мінген автобус солай қарай түн қаранғысын тілгілеп сырғып келеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер