BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 370.49 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 421.06 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.54
Астана:

Астанада Ахметжан Қалиолланың «Миф. Эпос. Тарих» атты жеке көрмесі өтеді

Астана, BAQ.KZ. 2018 жылдың 13 желтоқсан күні ҚР ҚК Әскери-тарихи музейінде республикамызға белгілі суретші және этнограф, қару зерттеуші ғалым, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты, ҚР Мәдениет қайраткері Ахметжан Қалиолла Саматұлының «Миф. Эпос. Тарих» атты жеке көрмесі өтеді.

Қалиолла Саматұлы көптеген қалалық, топтық, республикалық және шетелдік көркемсурет көрмелеріне (Чехословакия, Эфиопия, Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, АҚШ-та өткен Қазақстан суретшілерінің көрмелеріне) қатысушы. Суретшінің туындылары Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің, ҚР Ұлттық музейінің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің, Семейдің Невзоровтар атындағы өнер музейінің, Кутаисидің Сурет галереясының (Грузия), Елабуга қаласының Көркемсурет галереясының (Ресей) коллекцияларында, Англия, АҚШ, Швеция, Пәкістан, Жапония, Германия, Иран, Қытай, Түркия және Қазақстандағы жеке коллекцияларда сақтаулы.

Бұл көрменің атауында оның негізгі мазмұны көрініс тапқан. Қалиолла Саматұлы кескіндеме өнеріне деген сүйіспеншілікпен бірге студенттік кезден қазақтың тарихына, этнографиясына, фольклорына қызығушылықты қатар алып келеді. Оның Ленинградтың И.Е.Репин атындағы Кескіндеме, мүсін және архитектура институтындағы курстық және дипломдық жұмыстары тарихи тақырыптарға арналған болатын. Бұл көрмеде суретшінің әр жылдары, әр жанрларда қазақтың мифологиясы, эпосы, тарихы тақырыбына салынған туындылары – картиналар, кітап иллюстрациялары, мультфильмге эскиздер, музей экспозициясының жобалары қойылған. Суретшінің бұл туындыларында қазақтың көне мифтерінен, эпостарынан, ертегілерінен бейнелер және қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар бейнелері көрсетілген. Реалистік мәнерде орындалған эпикалық кейіпкерлердің, өткен дәуірлердегі қазақ жауынгерлерінің бейнелерінде Қалиолла Саматұлы олардың биік рухын көрсетіп, сонымен бірге олардың қару-жарағы мен киімдерін этнографиялық тұрғыдан тарихи дәлдікпен суреттейді.

Ахметжан Қ.С. көп жыл бойы ғылыми-зерттеу жұмысымен де айналысады. Ол бүгінде қазақтың әскери ісі, дәстүрлі қару-жарағы тарихынан еліміздегі жалғыз білікті маман, осы сала бойынша 100-ден аса ғылыми, ғылыми-танымдық мақалалардың және үш ғылыми монографияның авторы.

Қару-жарақ зерттеуші ғалым және суреттің академиялық шеберлігін игерген кәсіби суретші болған ол қазақ ұлтының тарихи этногенезінің ажырамас бөлігі саналатын әр дәуірдегі көшпелілер жауынгерлерінің және 16-19 ғасырлардағы қазақ жауынгерлерінің қару-жарақ кешенінің ғылыми-графикалық реконструкцияларының көптеген суреттерін жасады. Өзі жүргізген зерттеулерінің және жасалған графикалық реконструкциялардың негізінде Қалиолла Ахметжан тарихи фильмге, музейлерге арнап көшпелі халықтар және қазақ жауынгерлерінің қару-жарағының материалда орындалған көптеген заттық реконструкцияларын да жасап шықты. Бұл көрмеде осындай графикалық жобалар және кейбір тарихи заттық реконструкциялар да (сақ, түркі және қазақ жауынгерлерінің толық реконструкциялары) қойылған.

Көрмеде өнер туындыларынан басқа автордың жарияланған ғылыми еңбектері - қазақ қару-жарағы тарихы бойынша кітаптары, ғылыми басылымдардағы мақалалары; Қазақстан тарихы мен фольклорынан суретші көркемдеген кітаптар; музей қорларында қазақ қару-жарағын зерттегендегі автордың қолжазбалары да көрсетіледі.

Музей ұсынып отырған бұл көркем экспозицияның тақырыбы мен мазмұны Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған, бейнелеу өнерінде ұлтымыздың тарихындағы ұлы тұлғалар бейнелері галереясын қалыптастыру туралы, Ұлы даланың бай мифологиялық жəне фольклорлық материалдарын насихаттау туралы, халқымыздың дәстүрлі қару-жарағы мен киімдерінің және мәдениетіміздің тарихындағы маңызды оқиғалардың тарихи реконструкцияларын жасау туралы ойларымен сабақтасып жатыр. Бұл – мұндай музейлік көрменің бүгінде уақытқа сай және өзекті екенін көрсетеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер