BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 374.2 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.34 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.52
Астана:

Айбек Қалиев: Қызылорда – айтыстың ең көп өтетін жері

Фото: Автор

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысы Жалағаш ауданында «Ұлт келбетін ұлықтаған тұлғалар» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жұртшылықтың делебесін қоздырған дүбірдің бас жүлдесін ақын Нұрмат Мансұров жеңіп алды. Ұйымдастырушылар оған 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Айтулы сөз сайысына Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртайұлы, Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров, Сырым Әбілбеков, Талғат Мықи, Айдос Рахметов, Ержеңіс Әбдиев Мөлдір Айтбай, Карима Оралова, Тоба Өтепбаев, Қанат Мырзахан сынды дүлдүлдер қатысты. Ал жырау Алмас Алматов төрағалық еткен қазылар алқасының құрамында Елена Әбдіхалықова, Бекарыс Шойбеков, Серік Ыдырысов, Мамыр Байдаулетов болды. Айтысты ақын Жүрсін Ерман жүргізіп отырды.

Айтыскер ақын Айбек Қалиев та зор дайындықпен келіпті.

«Сыр өңірі жыл сайын думандатып той өткізіп жатады. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен белгілі, белді ақындарды шақырып, халыққа айтыс өнері арқылы сый жасайды. Оның біразында болып жүрміз. Осы жолы ырысты әрі күрішті ел Жалағаштың төріне келіп, алтын дәні қамбаға толып, мерейі тасыған халықтың тойының куәсі болып отырмыз. Ұлы тұлғаларын ұлықтауда. Айтыстың тақырыбы: мемлекет және қоғам қайраткерлері Темірбек Жүргенов пен Ілияс Қабыловтың, Социалистік Еңбек ері Ұзақ Еспановтың еңбегі мен ерлігін жырға қосу. Осы тұрғыда елге өнегелі сөз айтуға тырысып жатырмыз. Бұл айтысқа оқып, тоқып, ізденіп, дайындалдық», – дейді Айбек Қалиев.

Сонымен қатар, айтыскер ақынның пікірінше, Қызылорда – айтыстың ең көп өтетін жері.

«Жалпы Қызылордада айтыс көп болады. Жылына жоқ дегенде 10 рет ұйымдастырылады. Тек Қызылорда қаласында ғана емес, аудандардың төңірегінде де өтеді. Айтыстың негізгі көрермені ауылда ғой. Тереңөзек, Шиелі, Қармақшы, Қазалы, Аралда аудандарында да сөз додасының көрігі қызғанын талай мәрте көрдік. Жалағашқа жыл сайын келіп жүрмін. Сыр елі қазақы салтынан айнымаған халық. Мәрттігіне, жомарттығына тәнтіміз. Бұл өз кезегінде ол ақындардың шабытына да әсер етеді», – дейді айтыскер.

Айтысты көруге келген халықтың қарасы көп болды. Олар сахнада ойын өлеңмен өрнектеген ақындарға қошемет көрсетіп, қиқулап, шабыт беріп отырды.

«Жалағашта айтыстың өткеніне қуаныштымын. Танымал ақындарды көріп жатырмын. Бір-бірін әзіл сөзбен қағытып, арасында сойылмен соққандай әсерде қалдырып жатты. Елдің мүддесін, мәселесін қозғады. Белгілі тұлғаларымыздың өмірін өлеңіне қосты. Бір сөзбен айтқанда, көңіл-күйімізді көтеріп тастады», – дейді жалағаштық тұрғын Ерлан Созақбаев.

Айта кетейік, «Ұлт келбетін ұлықтаған тұлғалар» атты республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін Нұрмат Мансұров жеңіп алды. Бірінші орынын Рүстем Қайыртайұлы еншілесе, екінші орын Айбек Қалиевқа бұйырды. Ал қызылордалық Мұхтар Ниязов үшінші орынды қанағат тұтты. Оза шапқан төрт ақын да доданың ақтық сынында Құлмамбет айтыс жасап, айтыстың көркін қыздырған болатын.

Фото видео: автор


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер