BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 319.65 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 393.33 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.67
Астана:

Зиялы қауымның латын әліпбиіне көшуге көзқарасы қандай?

Қазіргі таңда қазақ қоғамында ерекше талқыға түсіп жатқан тақырып қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесі. Осыған байланысты қазақ зиялыларының пікірін білмек болған едік.

Ғарифлла Есім, философ: 42 әріп – мойнымызға тағылған қарғыбау, аяғымызға салынған тұсау

Жақында «Алтай түркілердің алтын бесігі» атты халықаралық форумға бардық. Сонда ғалымдар айтады: «Бізге дейін ата-бабаларымыздан қалған қорымдарды қазып, барлық байлықтарды тонналап алып кеткен. Біз соның қалдығына ғана ие болып отырмыз» - дейді. Сол секілді, бұған дейін бізді өзгелер анықтап келді. Енді өзімізді өзіміз зерттеуіміз керек. Қазір латын әліпбиіне ауысу кезінде нағыз тағдыршешті кезеңге келіп тұрмыз. Енді біз өзіміздің кім екенімізді әлемге танытуымыз керек. Бұның тура жолы – латын әліпбиіне көшу. Қазіргі криллицадағы біздің 42 әріп – мойнымызға тағылған қарғыбау, аяғымызға салынған тұсау болып отыр. Сондықтан біз бұдан арылып, латыншаға көшуіміз керек. Үкімет бұған көңіл аударып отыр. Демек экономикалық та, саяси да мәселесі шешім тапты деген сөз. Халықта латыншаға ауысуға деген ынта бар. Енді барлығымыз бір адамдай осы латыншаға өтуге жұмылуымыз керек.

Асылы Османова, қоғам қайраткері: Латын тіліне өтуді насихаттау аз болып жатқан секілді

Биылғы жыл Қазақстан тарихындағы өзгеше жыл болып отыр. Әрбір қоғамға лайықты ой туындайды. Дәл бүгінгі біздің қоғамымызға керекті нәрсе – осы қазақ әліпбиін латын әліпбиімен таңбалау. Осы тұрғыдан келгенде өтіп жатқан жиындар да, бәрі де жақсы. Бірақ халыққа осы өзгерісті ұғындыру, түсіндіру жағы кемшін соғып жатқандай. Себебі халықтың түсінігінде қазақ тілін латын тіліне өзгертіп, қазақтар латынша сөйлейді деген түсінікпен жүргендер де бар. Бұл қате пікір. Біз қазақтың тілінің әуезділігін, шұрайлылығын, тілдік ерекшелігін сақтай отырып латын әліпбиімен қазақша жазамыз. Сол кезде қазақтың өзіне тән үні де, әуезі де, сазы да сақталып қалуы керек. Өз басым бұл тұрғыда латын әліпбиіне өтуді қолдаймын. Бірақ бір әріпті екі таңбамен белгілеуге қарсымын.

Амалбек Тшанов, қоғам және мемлекет қайраткері: Қазақстанның алдында әліпби таңдаудаудың екі түрлі жолы бар.

Жаһандану - бұл ешкім де айналып өтпейтін процес. Олай дейтінім, уақыт өткен сайын оның формасы өзгергенмен, мәні сол қалпында қала береді. ХХІ ғасырда жаһанданудың формасы біршама өзгерді. Уақыт көшінен қалмау үшін біз бірнеше мегажобаларды жүзеге асыруымызға тура келді. Солардың бірі Елбасымыз өзі ұсынған – латын әліпбиіне өту мәселесі. Бүгінгі таңда Қазақстанның алдында әліпби таңдаудаудың бір-екі түрлі таңдауы бар. Біріншісі – ағылшын негізіндегі латын әліпбиіне көшу, екіншісі - төл дыбыстарымызға қиянат жасамай, төлтума әдебиетімізді негізге ала отырып көшу. Алғашқысына Түркіменстан, Өзбекстан, Әзербайжан мемлекеттері кірсе, соңғысына – Түркия мемлекеті жатады. Егер ұлттық жаңғыру – ұлттық жазудан қалыптасатынын ескерсек, бұл Елбасының көрегендігімен әбден пісіп-жетілген шара екеніне көзіміз жетеді. Иновациялық даму мен жоғарғы технологияның әліпбиіне айналған латын қарпіне көшу – әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді мақсат тұтқан үдемелі индустрияландыру саясатына тың серпіліс беретініне халқымыз толық сенеді.

Есенғали Раушанов, ақын: Латынға көшуде елдің ауызбірлігі керек

Бұл өзгерістің қандай маңызы барын қазір ұқпағанымызбен, біраз жылдардан кейін түсіне бастайтын боламыз. Бейнелеп айтар болсақ, отқа түсіп бара жатқан баланы кейін қарай тартып алған періштенің қолымен бірдей нәрсе. Құрып бара жатқан дүниені қайтадан қалпына келтіру төңірегіндегі мәселе болып отыр әңгіме. Соның үшін де, түрлі өзгерістер, түрлі қиындықтар болуы заңды. Тарихтан жақсы білетіндеріңіздей, кезінде Ахмет Байтұрсынұлы хадымнан жәдитке өтті, сол кезде де қарсы болғандар болған. Сол кезде де қоғамда түрлі әңгіме болған. «Қадым құран сөзі, одан аттап, жәдитке өткеніміз қалай болады, аруақ атпай ма?» дегендер де болған. Ал біздің Елбасы әр елдің, әр жердің жасаған дүниелерін көріп, біліп, тәжірибеден өткізіп, солардың қателіктерін тексеріп барып, бастама көтерді. Бұл өте үлкен ақылдың, көрегендіктің белгісі. Әлемде 41-ден астам түркі тілдестер бар. Солардың көбі латынға өткен кезде көптеген қиындықтарға тап болды. Әсіресе өзбек ағайындардың жағдайы өте қиын. Атасы баласын, баласы атасын түсінбейді жазған кезде. Өзбекстан латыншаға өткен кезде 32 млн халқы бар елдің кітаптары 500 данаға дейін түсіп қалды. Сатылмайды, ешкім алмайды. Баспасөздің тиражы мүлде азайып кетті. Бұл үрдіс ол жақта әлі жалғасып келеді. Біз де осыны ескеруіміз керек. Ал өз басым тіл маманы емеспін, сондықтан керемет пікір айта қоямын демеймін. Дегенмен Ш.Шаяхметов атындағы орталықтың азаматтары көп еңбек сіңіргенін байқап отырмын. Мен оны жақсы да демеймін, жаман да демеймін, мен мұның шындық екенін айтқым келеді. Осы орайда үкімет тарапынан атқарылуға тиісті бір іс бар. Ол – халықты қоғамдық келісімге, бірлікке шақыру керек сияқты. Себебі қазыр латын әліпбиіне өту басталмай жатып ел дүрліге бастады.

Ермұхан Ибраимов, әлем чемпионы: Өз саламызда ілгерлегіміз келсе латынға өтетін кез келді

Қазір әлеуметтік желіде көп пікір айтылып жатыр. «Латын әліпбиіне өткен кезде қазақтың кей сөздері өзінің мағынасын жоғалтады» деген мағынада пікір өте көп. Ал өз басым Қазақстанның патриоты ретінде, осы елдің дамуына, өркендеуіне өз салам бойынша азды-көпті еңбек сіңірген азамат ретінде Елбасының айтқан бастамасын қолдап, латын әліпбиіне көшуге дайынмын. Оны да үйренеміз, ештеңе тұрған жоқ. Қазіргі ІТ технололгиясы, иновациялық даму жолында да бұл алфавиттің алар орны ерекше. Ал өз саламда, спорт саласында бұл латын әліпбиі жетекші рөл атқарады деуге болады. Халықаралық бокс федерациясында негізгі бірнеше тіл бар. Ағылшын, француз, испан т.б. тілдер. Орыс тілі де IBA тілдерінің қатарында. Бірақ соңғы уақыттарда Грузия, Армения, Әзірбайжан тіпті мына оңтүстіктегі көршіміз - Өзбекстанның жастары орысша мүлде білмейді. Жаза да алмайды. Олар көбінде ағылшын тілінде бейімделген. Олардың барлығы латын әліпбиіне негізделген. Ал біздің қазақ балалары әлі крилицада жүр. Демек бізге де өз саламызда ілгерлегіміз келсе латын әліпбиіне ауысу уақыт талабы болып отыр

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер