BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 375.9 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 423.56 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.55
Астана:

Жеті ғасырдан соң жаңғырған рухани қазына

Фото: Нұржас Жақсыбай

Астана, BAQ.KZ. Астанада Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» және Бекасыл Биболатұлының «Зигзал» кітабының тұсаукесері өтті.

Халықаралық Түркі академиясы басып шығарған 5 томнан тұратын Рашид ад-Диннің «Жамиғат-ат тауарих» атты кітабы алғаш рет қазақ тіліне аударылып, танымал қазақстандық ғалымдардың пікірлерімен қамтылған. «Жамиғат-ат тауарих» - парсы тілінде жазылған ортағасырлық тарихи әдебиеттің аса маңызды ескерткіштерінің бірі. Бұл үлкен тарихи энциклопедия. Бұл «Жылнамалар жинағы» әртүрлі тайпалар мен халықтар туралы тарихи деректерді қамтиды, онда ертедегі Моңғолия, Шығыс Түркістан, Иран, Орталық Азия, күнгей Кавказ, Поволжье мемлекеттері мен халықтары туралы құнды тарихи мәліметтер бар.

«Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» еңбегінің алғаш рет қазақ тіліне аударылуы, шын мәнінде, тарихи оқиға. Бекасыл Биболатұлының «Зигзал» кітабының да ана тілімізге тәржімалануы рухани өміріміздегі елеулі сәттердің бірі екені сөзсіз. Орта ғасырларда жазылған «Жамиғ ат-Тауарих» еңбегі Ұлы даламыздың тарихы, Шыңғыс ханның өмірі мен шежіресі, Қазақстан мен Орта Азия жерінде өмір сүрген ата-бабаларымыздың тегі, дамуы, мемлекеттігіміздің қалыптасуы жайында нақты деректерді қамтитын терең, ғылыми тұрғыда маңызы зор туынды. Әлемнің біраз тілдеріне аударылған еңбектің Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық Түркі академиясының бастамасымен тікелей парсы тілінен ана тілімізге аударылуы біз үшін үлкен жеңіс» - дейді Мәулен Әшімбаев.

Осыдан 1,5 жыл бұрын Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялап, ұлттық, тарихи-мәдени құндылықтарымызды дәріптеудің айқын жолын анықтап берді. Елбасының осы бағдарламасы жарияланғалы бері еліміз бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып, нақты жобалар іске асырылып келеді. Олардың барлығы ұлттық кодымызды сақтауға, дәріптеуге, сол арқылы тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуға және заман талаптарына сәйкес еліміздің рухани жаңғыруын қамтамасыз етуге бағытталған.

Аталған еңбектерді М.Әуезов атындағы ОҚМУ Түркітану ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, араб, парсы тілдерінің маманы Сәріпбай Жұманұлы аударған.

«Алдағы уақытта бұл еңбек қазақ халқын құрған ру-тайпалардың тарихына қатысты жаңа деректерді анықтауға, ел тарихын нақтылауға жол ашып, тәуелсіздігімізді нығайтуға, елімізді мәңгі ел ретінде қалыптастыруға септігін тигізеді деп сенеміз. Бұл оқулықтар Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының нақты жемісі және жеңісі. Сондықтан осы игі істің басы-қасында жүрген Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәліге және басқа да азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Академияның ұлттық кодымызды сақтауға, дәріптеуге, руханиятымызды дамытуға бағытталған еңбектеріне сәттілік және табыс тілейміз» - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Екінші еңбек XIX ғасырдағы танымал ғалым-энциклопедист Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы. Бұл еңбек арқылы ислам дінінің қағидаларымен, Құран тәпсірлерінің мағынасы мен астарындағы құпияларымен, хадис ілімдерінің қасиеттерімен және пайғамбарлар тарихына қатысты деректермен танысуға болады.

Жеті ғасырдан кейін «рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы қазақ оқырмандарымен қауышқан еңбектің жарық көруіне мұрындық болған Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі қос кітаптың берері көп екенін айтады.

Жеті ғасырдан кейін қайта табылған құнды жәдігердің тұсаукесеріне депутаттар, қаламгерлер, студенттер мен тарихшы ғалымдар қатысты.

Фото/видео: Нұржас Жақсыбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер