BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 366.43 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 420.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.58
Астана:

«Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция Таразға келіп жетті

«Ұлы Дала Eліне саяхат» жобасы аясында өтіп жатқан «Жаңа Жібек жолы» бағыты бойынша экспедиция бүгін тарихы терең Тараз қаласына келіп жетті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Экспедиция қатысушылары Ежелгі Тараздың екі мың жылдық тарихымен танысты. Ерте кезден бері Ұлы Жібек жолының бойында тұрғандықтан, бұл қаланың маңызы өте жоғары болған. Бұл – көпестер мен қолөнершілердің қаласы, мұнда Азия мен Еуропа арасындағы сауда жолдары тоғысқан. Қазіргі Тараздың маңында тарихи оқиғалардың куәсі болған ескерткіштер өте көп, олар: Қарахан мен Дәуітбек кесенелері, әміршілердің сарайлары, ежелгі архитектураның ерекше туындылары — Бабажы қатын және Айша бибі кесенелері, Тектұрмас кешені, Ақыртас қалашығы, Қали Жүніс моншасы, қала орнына тұрғызылған «Ежелгі Тараз» археологиялық саябағы және тағы басқалары. Бабажы қатын мен Айша бибі кесенелері ЮНЕСКО дүниежүзілік мұрасының тізіміне кіреді. Сондай-ақ, экспедиция мүшелері Тараз қаласынан 40 шақырым жердегі Ақыртас қалашығына барды.

«Тарихы терең қаламыз бүгінде мәдени және тарихи ескерткіштерге бай, олар туралы аңыздар шетелдерде де аса танымал. Бұл факт осы аймақтың туристік әлеуетіне ықпал ететіні сөзсіз. Археологтар жыл сайын Тараз маңынан әртүрлі бұйымдар мен жәдігерлерді тауып алады, олар жергілікті мұражайларда сақтаулы. Біз, өз тарапымыздан инфрақұрылымды дамытуға, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға жайлы жағдай жасау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз», - деді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қарабаев.

Тараздың және оның айналасының көрікті жерлерін көріп болған соң, жоба қатысушылары Жамбыл және Түркістан облыстарының аумағында орналасқан, Орта Азия мен Қазақстандағы ең ескі қорықтардың бірі Ақсу-Жабағылыға бет алады.

Ары қарай олар Батыс Тянь-Шань тауларының солтүстік-шығысындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағына барып, сол жерден теңіз деңгейінен 2350 метр биікте орналасқан Сайрамсу көлін көріп қайтады. Сондай-ақ қатысушылар Түркістан облысының аумағындағы Отырар қаласы, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи кесенелері, Сауран қаласы мен басқа да нысандар тәрізді археологиялық және табиғи ескерткіштерге барады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер