BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 340.27 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 396.31 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.39
Астана:

Жаңа әліпби бауырлас халықтарды біріктіре түседі – Икрам Хашымжанов

Біз қазіргі таңда тыныш, бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Халқымыз елдегі бейбітшілік пен қоғамдық келісімді, көп ұлтты халықтардың бірлігін бағалайды. Бұл туралы Астанада өткен Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы отырысында Оңтүстік Қазақстан облысындағы өзбек этномәдени орталығының жетекшісі Икрам Хашымжанов айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар, Икрам Хашымжанов рухани жаңғырусыз әрі қарай жаңғыру мүмкін емес екенін айта келе, бүгінгі күннің мәселесі қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру екенін, бұл біздің еліміз үшін ғана тарихи қадам емес, бүкіл түрік елі үшін маңызды екенін айтты.

«Бұл - Орталық Азия, Әзербайжан мен Түркияның бауырлас халықтарымен достық пен байланыстарды нығайтудың негізі. Естеріңізге сала кетейік, латын қарпіне көшу туралы бастама Тәуелсіздік алған жылдардан бастап көтеріліп келеді. Қазіргі таңда филологтар мен лингвистер әліпбидің жаңа нұсқасын жасап шығарды. Жаңа алфавиттің ерекшелігі, ол қазақ тілінің ғана емес, бүкіл түркі халқы тілінің фонетикалық ерекшелігін қолдануға мүмкіндік ашады. Әліпбиді осы елдердің кез келгені пайдалана алады. Қазақстан түркі әлемінде өзінің тағы бір көшбасшылық қасиетін көрсетіп, бірегей латын алфавитін ұсынып отыр. Оны менің туған тілім - өзбек, түрік, әзербайжан тілдерінде де қолдануға болады», - деді Икрам Хашымжанов.

Икрам Хашымжанов әзірлеушілер көрші елдердің қателігін қайталамағанын атап өтіп, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстанның тәжірибесі есепке алынғанын, Қазақстанда латын әліпбиін енгізу табысты жүзеге асатынына сенімді екенін айтты.

«Оңтүстік Қазақстанда жұртшылықпен кездестік, онда ғалымдар мен қоғам жаңа алфавитті қолдап отыр. Жаңа әліпбидің артықшылығын айтатын болсам, қалыпты үлгідегі латын әліпбиінің барлық символдары қамтылған. Ол жазу үлгісін қиындатпайды, біршама жеңілдетеді десек те болады. 42 әріптің орнына 25 таңба ғана қолданылады. Бүгінде бұл мәселені созудың қажеті жоқ. Бұл бүкіл әлемге ашық болуға және мемлекеттік тілдің рөлін нығайтуға тарихи мүмкіндік. Жаңа графика түркі әлемінде лидерлік позициямызды нығайтуға мүмкіндік туғызады. Жаңа алфавит бір тілде сөйлейтін бауырлас халықтарды біріктіре түседі деп ойлаймын», - деді Икрам Хашымжанов.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер